Жамбыл облысының Өңірлік комуникациялары қызметі - Ақпарат агенттігі

Байланыс

  • ato.uvp@mail.ru
  • +7 705 537 5268
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Биыл сыртқы көші-қонда оң динамика байқалады

Биыл сыртқы көші-қонда оң динамика байқалады
ашық
Еліміздегі көші-қонның оң сальдосы 2 жыл бойы сақталып келеді. 2024 - жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша көші-қон сальдосы +7,3 мың адамды құрады. Елге 14 мың адам келіп, 7 мың адам көшіп кетті. Елдердің бөлінісі бойынша көші-қон өсімі негізінен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері мен Қытай Халық Республикасына тиесілі болып отыр. Білім деңгейі бойынша да оң сальдо қалыптасып отыр, мәселен, елімізге білімді адамдар көбірек келгені байқалады. Саладағы жағдай бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев ОКҚ алаңында баяндама жасады.

Оның айтуынша, техникалық мамандықтар бойынша +686 адам, педагогикалық мамандықтар бойынша +215 адам, экономикалық мамандықтар бойынша +200 адамды құрайтын оң сальдо байқалып отыр.

«Ішкі көші-қон бойынша. Азаматтардың қозғалыс белсенділігінің өсуі байқалады. Ел шегінде қоныс аударушылар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 есе өсті. 2024 - жылғы қаңтар-маусым айларында ішкі көші-қонға 688 мың адам қатысты. Оның ішінде – облысаралық қоныс аударуда 307 мың адам. Мегаполистер ішкі мигранттарды тарту орталықтары болып қалуда. Мәселен, осы кезеңде Астана қаласына тұрақты тұру үшін 64 мыңнан астам адам, Алматы қаласына – 60 мың адам, Шымкент қаласына – 31 мың адам көшіп келді. Келушілердің өсу қарқыны Шымкент қаласында басқа мегаполистерден бұрынғыша алдыңғы орында тұр», – деді спикер.

Биыл көші-қон заңнамасын жетілдіру бойынша шаралар қабылданды. Мемлекет басшысы 16 мамырда «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Құжат 5 басым бағытты қамтиды. Біріншіден, ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жер учаскелерін алу мәселесінде қоныс аударушылар үшін тиісті құқықтық жағдайлар жасау көзделген. Ендігі ретте қоныс аударушыларға жер учаскелері оны иеліктен шығару құқығынсыз ең төменгі мөлшерден аспайтын мөлшерде және конкурстан тыс тәртіппен 5 жылға дейінгі кезеңге уақытша қысқа мерзімді өтеулі жер пайдалану құқығымен беріледі. Бұл ретте осы өңірлерден тұрақты тұрғылықты жерін ауыстыру жер пайдалану құқығын тоқтатуға әкеп соғады.

Сонымен қатар қоныстандыру өңірлерінде 5 жылдан астам тұрып жатқан қоныс аударушылар жер пайдаланудың ұзақ мерзімді құқығының жаңа мерзіміне шарттар жасасуға құқылы.

«Екінші. Ерікті қоныс аударуға қатысушыларға төленетін көшуге, тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге, тұрғын үй сатып алуға арналған субсидияларды банктер мен басқа да қаржы ұйымдары алдындағы кредиттік міндеттемелер бойынша өндіріп алулардан қорғау жөніндегі нормалар бекітілген. Оларға тыйым салу, сондай-ақ шығыс операцияларын жасауға уақытша және басқа шектеулер қойылмайды. Үшінші. Егер этникалық қазақтың жеке басын куәландыратын құжатта ұлты көрсетілмесе, этникалық қазақтың ұлтын айқындау бөлігінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне және жергілікті атқарушы органдарға тиісті құзырет бекітілді», – деді вице-министр.

Төртіншіден, қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына қандастардың жесірлері мен олардың ортақ балаларын қосу мүмкіндігі қарастырылған. Бесінші бағыт ретінде ғылыми дәрежесі бар этникалық қазақтар үшін ғылыми жұмыстарды жүргізу қажет болған кезде қоныс аударуға алынған мемлекеттік қолдау шараларын қайтарусыз және өтеусіз өңірлер бойынша дербес көші-қон мүмкіндігі ұсынылды. Алтыншысы – еңбекші көшіп келушілерге оның өтініші бойынша бір айдан он екі айға дейінгі мерзімге еңбек рұқсатын алу мүмкіндігі беріледі.

Zhambylokq
Автор

Zhambylokq

Жамбыл облысының Өңірлік комуникациялары қызметі - Ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар