«Төлемдер мен аударымдар жұмыс істемейді»: Ұлттық банк түсінік берді
- author Zhambylokq
- 7 қараша, 2024
- 55
Бұл жұмыстардың карточкалармен жасалатын төлемдерге еш қатысы жоқ.
Желіде тараған ақпарат бойынша, Қазақстанның Ұлттық банкі екінші деңгейдегі банктермен бірлесіп, елдің төлем жүйелеріне ISO 20022 төлем хабарламаларының халықаралық форматын енгізу бойынша жұмыс істеп жатыр. Бұл ретте төлем хабарламаларының халықаралық стандартын пайдалану банктердің өз клиенттеріне қаржылық қызметтер көрсету рәсімін өзгертпейтіні хабарланады.
"Бұл жұмыстар карточкалар бойынша төлемдерге әсер етпейді. Осылайша, халықтың төлем карталары, QR-кодтар бойынша есеп айырысуы, мобильді аударымдар, банкоматтардан қолма-қол ақша алу, ұялы байланыс ақысы және басқа да қызметтер өзгеріссіз қалады", - деп хабарлады Ұлттық банк.
Бұл ретте банктер өздерінің ақпараттық жүйелерін баптау қажеттілігіне байланысты техникалық жұмыстар жүргізеді. Оларды іске асыру үшін банкаралық қызмет көрсетумен байланысты төлемдерді қабылдау кестесінде қысқа мерзімді өзгерістер болуы мүмкін (қаржы ұйымдары ISO 20022 енгізу қарсаңында демалыс күндері).
"Қазіргі уақытта қаржы институттары өз клиенттеріне 2024 жылғы қарашаның аяғына дейін болатын жаңа стандартқа көшу шеңберінде банктердің техникалық жұмыстарды жүргізу уақыты туралы алдын ала хабарлайды", - деп толықтырды Ұлттық банк.
Қосымша ақпарат: ISO 20022 – электронды хабарлама алмасатын әлемдік стандарт. Ол қаржы ұйымдары арасындағы бизнес-процестерді автоматтандыру үшін жасалған. Бұл стандартқа көшу нарық қатысушыларына ISO 20022 негізінде іске асатын жаңа шешімдерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ банк операцияларын жүргізу кезінде төлем хабарламаларын алмасудың біріздендірілген моделін қолдану арқылы барлық тараптың шығынын азайтады.