Жаңалықтар
Облыс әкімі Тараз қаласы «Ұлы дала» шағын ауданындағы бірқатар нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысып, тұрғындармен кездесті
- author Zhambylokq
- 8 қыркүйек, 2023
- 33
Облыс әкімі Тараз қаласы «Ұлы дала» шағын ауданындағы бірқатар нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысып, тұрғындармен кездесті
Күні кеше облыс әкімдігіне аталған ықшамауданның бірқатар тұрғындары келіп, өзекті мәселелерін айтқан болатын.
Облыс әкімі алдымен ықшамауданның жобасымен, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, ықшамауданда 5 қабатты 150 тұрғын үй, 20 пентхаус, 5 балабақша, 4 мектеп, 2 емхана және оңалту орталығы салынады деп жоспарланған. Сонымен қатар жастар орталығы, денешынықтыру-сауықтыру кешені, халыққа қызмет көрсету орталығы, облыстық мұрағат, аудандық әкімдік, сот, прокуратура және 20 коммерциялық нысан бой көтереді. Мұнан бөлек тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында 10 гектар аумақта саябақ соғылады деп күтілуде. Қазіргі таңда саябақты сумен қамту жұмыстары басталған. Күз айларында саябақ аумағына 5 мың ағаш егіліп, келесі жылы абаттандыру жұмыстары аяқталады. 2025 жылы саябақтың құрылысы толықтай аяқталып, пайдалануға беріледі.
Ықшамауданның жобасымен танысып шыққан Ербол Қарашөкеев жолдың жағдайына, тұрғын үйлерді жылумен қамту мәселесіне назар аударды.
Келесі кезекте аймақ басшысы құрылысы жүргізіліп жатқан 4 мектепке арнайы барды. Ербол Қарашөкеев қала әкіміне, мердігерлерге құрылыс жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде аяқтауды тапсырды.
– Алғашқы жұмыс сапарымды Тараз қаласындағы қордаланған мәселесі ең көп ықшамауданнан бастауды жөн көрдім. Өйткені бұл ықшамауданның халқы күн санап өсіп келеді. Сол себепті құрылыс жұмыстары сапалы әрі уақытылы аяқталуы қажет. Бүлдіршіндерді балабақшамен, оқушыларды мектеппен қамту – ең өзекті мәселе. Оқушылар облыс орталығындағы басқа мектептерге сабылып жүрмеуі қажет.
Дегенмен асығыстыққа салынып, сапасына немқұрайды қарауға болмайды. Қандай жағдай болмасын құрылыс жұмыстары уақытында әрі сапалы аяқталуы керек, – деді облыс әкімі.
Ал қала әкімінің сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда ықшамауданда 4 мектептің құрылысы басталған. Екі білім ошағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынуда. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, білім ошақтарының құрылысы кестеге сәйкес жүргізілуде.
Сондай-ақ аймақ басшысы бірқатар тұрғын үйді аралап, тұрғындармен кездесіп, пікірлеріне құлақ түрді. Тұрғындар ойын алаңдарының жоқтығын, егер болса тозығы жеткенін, аулалардағы жолдың тарлығын, жылу жүйесіндегі ақауларды айтып, базынасын жеткізді. Тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін мұқият тыңдаған Ербол Қарашөкеев қала әкіміне нақты тапсырмалар берді.
Аралау барысында аймақ басшысы әлеуметтік дүкенге ат басын бұрып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына назар аударды. Сондай-ақ, ықшамауданға екі әлеуметтік дүкеннің аздық ететінін, сондықтан санын арттыру керектігін айтты.
Сонымен қатар облыс әкімі «Бүркітәлі» мектебінде «Бурыл» алқабының және «Ұлы дала» ықшамауданының тұрғындарымен кездесу өткізді.
Облыс әкімі жиында көтерілген өзекті мәселелерді жуық арада шешу керектігін ескертіп, жауаптыларға нақты тапсырма берді
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Жамбыл облыстық нотариаттық палатасының 2024 жылы атқарған жұмыстары туралы
- авторZhambylokq
- 25 желтоқсан, 2024