Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясының 2024 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы
- author Zhambylokq
- 16 сәуір, 2025
- 21

Мемлекеттік аудит және сараптамалық-талдау іс-шаралары 57 мемлекеттік аудит объектілерінде жүргізілді, оның ішінде: 55 мемлекеттік мекеме, 2 квазимемлекеттік сектор субъектілері. Сондай-ақ, үстеме тексерумен 62 мемлекеттік аудит объектілері қамтылды.
Мемлекеттік аудитпен 186 млрд. 375,3 млн. теңге қаражат қамтылып, нәтижесінде 115 млрд. 892,0 млн. теңгенің бұзушылықтары, 613 бірлікті құрайтын рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар және 16 бірлік жүйелік проблемалар мен кемшіліктер анықталды.
Анықталған бұзушылықтардың ішінде:
- қаржылық бұзушылық – 38 млрд. 700,2 млн. теңге, 33,4%;
- тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты мен мемлекет активтері – 53 млрд. 940,5 млн. теңге, 46,5%;
- бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін тиімсіз жоспарлау – 3 млрд. 877,7 млн. теңге, 3,4%;
- қаржылық есептілік аудитін жүргізу кезінде анықталған қаржылық есептіліктің бұрмалануы – 19 млрд. 373,7 млн. теңге, 16,7%.
Жалпы жүргізілген мемлекеттік аудит және сараптамалық-талдау іс-шараларының қорытындылары бойынша есепті кезеңде Тексеру комиссиясының 16 қаулысы қабылданды.
Аудит қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою және кемшіліктерге жол берген лауазымды қызметкерлердің жауапкершілігін қарау жөнінде мемлекеттік аудит объектілеріне 63 нұсқама жолданды.
Аудит нәтижесінде анықталған бұзушылықтарға жол берген мемлекеттік аудит объектілерінің 121 қызметшілері тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде: 82 ескерту, 37 сөгіс, 1 қатаң сөгіс және 1 лауазымын төмендету.
Сонымен қатар, 168 қызметшілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы 52,3 млн. теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясының миссиясы болып табылатын облыс аумағында қаржы тәртібін нығайту және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет қаражатын, мемлекет және квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерін басқарудың және пайдаланудың тиімділігін арттыру бағытында жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.