Вакцинаның пайда болуы – адамзат тарихындағы ең ірі жетістіктердің бірі. Соның арқасында миллиондаған адамның өмірі сақталып қалды. Соңғы 50 жылда маңызды вакциналарды қолдану нәтижесінде әлем бойынша кемінде 150 миллионнан астам адамның өмірі құтқарылған. Бұл – әр минут сайын шамамен 6 адамның өмірі сақталады деген сөз.
Қазақстанда вакциналарды сатып алу мен жеткізу орталықтандырылған жүйе арқылы жүзеге асырылады. Бірыңғай дистрибьютор – «СК-Фармация». Мемлекет Ұлттық екпе күнтізбесі аясында 21 жұқпалы ауруға қарсы вакциналарды толық көлемде және тегін қамтамасыз етеді. Олардың қатарында туберкулез, В және А вирустық гепатиттері, дифтерия, көкжөтел, сіреспе, полиомиелит, қызылша, қызамық, паротит, пневмококк және гемофильді инфекциялар, тұмау, адам папиллома вирусы, іш сүзегі, құтыру бар.
Қазақстанда қолданылатын барлық вакциналар, оның ішінде Жамбыл облысында пайдаланылатындары, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына және ұлттық заңнамаға сәйкес көпсатылы халықаралық және ұлттық сараптамадан өтеді, тіркеуден өткізіліп, қолдануға рұқсат алынған.
Қазақстанға жеткізілген вакциналар екі сатылы тексерістен өтеді: алдымен құжаттық сараптама, кейін әр серия бойынша зертханалық талдау жүргізіледі. Вакциналардың сапасы, қауіпсіздігі, құрамы, консерванттардың мөлшері мұқият тексеріліп, клиникалық сынақтардан өтеді. Егер қандай да бір тәуекел анықталса, мұндай вакцина ел аумағында қолдануға тіркелмейді.
Республикада вакциналардың 90 пайыздан астамы бір дозалық түрде сатып алынады (құтыру, дифтерия-сіреспе және туберкулез вакциналарын қоспағанда). Барлық вакциналар белгіленген температуралық режимді қатаң сақтай отырып, арнайы «суық тізбек» арқылы тасымалданып, елдегі төрт хабқа жеткізіледі, кейін өңірлерге таратылады.
Өңірде вакцинация 327 егу кабинетінде және білім беру ұйымдарындағы 380 медициналық пунктте жүргізіледі. Олар қажетті жабдықтармен толық қамтылған: жүздеген тоңазытқыш, термоконтейнерлер, шокқа қарсы дәрі-дәрмек жиынтықтары, сондай-ақ вакциналар мен шприцтер жеткілікті.
Екпе жұмыстарын арнайы даярлықтан өткен, рұқсаты бар 3 мыңнан астам медицина қызметкері жүргізеді. Шалғай елді мекендер үшін 75 жылжымалы екпе бригадасы құрылған, сондай-ақ облыстың барлық 10 ауданында көшпелі медициналық кешендер жұмыс істейді.
Вакциналар «балаларда ауру тудырады» деген пікірлер ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген және халықаралық көпжылдық зерттеулерге қайшы келеді. Керісінше, вакцинация қауіпті жұқпалы аурулардың таралуын және өлім-жітімді айтарлықтай төмендетіп, мыңдаған асқынулардың алдын алуға мүмкіндік берді.
Елімізде жыл сайын шамамен 5 миллион адамға екпе салынады, оның ішінде 1,3 миллионы — балалар. Жамбыл облысында бұл көрсеткіш 300 мыңнан асады.
Соңғы 35 жылда иммундау саясатының нәтижесінде аурушаңдық айтарлықтай төмендеді:
— эпидемиялық паротит 93 еседен астам;
— А гепатиті 80 еседен астам;
— В гепатиті 94 есеге азайды.
Вакцинацияның арқасында балалар арасындағы қызылша 90 пайыздан астамға, қызамық пен паротит 95 пайызға төмендеді. Полиомиелит 1996 жылдан, дифтерия 2009 жылдан бері тіркелмеген. Бұл — ұлттық иммундау бағдарламасының тиімділігінің айқын дәлелі.
Жамбыл облысында 2023 жылы қызылшаның 3 584 жағдайы тіркелсе, 2024 жылы — 1 172, 2025 жылы — 927 жағдай анықталған. 2026 жылдың алғашқы үш айында 527 жағдай тіркелді. Ауруға шалдыққандардың басым бөлігі — екпе алмаған немесе екпе мәртебесі белгісіз балалар.
2025 жылы жоспарлы вакцинациямен қамтылуға тиіс 150 940 баланың 95,6 пайызы егілді. 2026 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш жоспарға сәйкес орындалуда. Сонымен қатар қызылшаға қарсы қосымша және жоспардан тыс екпелер жүргізіліп, ондаған мың адам қамтылды.
Осының нәтижесінде өңірде қызылша бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақтанып, көкжөтел жағдайлары тіркелмеген.
Осыған байланысты медицина қызметкерлері қазақстандықтарды тек ресми ақпарат көздеріне, дәрігерлердің ұсынымдарына және дәлелді медицина деректеріне сенуге шақырады. Балалардың денсаулығына жауапкершілікпен қарау — әрбір ата-ананың міндеті.
Жалған ақпарат таратқандар заң алдында жауапқа тартылатынын еске саламыз. Мемлекет профилактикалық екпелердің қолжетімділігін толық қамтамасыз етеді және оларды тегін жүргізеді.
Әр азамат вакциналар туралы толық әрі объективті ақпарат алуға, екпе алдында медициналық тексеруден өтуге құқылы. Таңдау жасау — әркімнің өз еркінде. Алайда ата-аналар екпеден бас тарту арқылы баласының денсаулыққа деген құқығын шектейтінін түсінуі тиіс.
Құрметті ата-аналар! Екпеден бас тарта отырып, сіздер тек өз балаңызды ғана емес, айналадағы өзге балаларды да қауіпке тігесіздер.
Қазіргі медицинада жұқпалы аурулардың алдын алудың вакцинадан тиімді әдісі жоқ.
Өзіңізді және жақындарыңызды инфекциялардан қорғаңыздар — екпе алыңыздар!




