ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ЖРВИ ЖӘНЕ ТҰМАУ АУРУЛАРЫ БОЙЫНША ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛ
- author Zhambylokq
- Бүгін, 12:24
- 1
Жамбыл облысында жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ), соның ішінде тұмау мен метапневмовирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты.
2025 жылдың 1 қазанынан 30 қазаны аралығында облыстың медициналық ұйымдарына 30 046 адам жүгінген (өткен жылы – 27 692). Оның ішінде 60,9% – 14 жасқа дейінгі балалар. Лабораториялық зерттеулер нәтижесінде 12 адамда тұмауға жатпайтын вирустар, 5 адамда тұмау вирусы анықталды. Аурушаңдық өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,5% өскен.
Қазіргі таңда 449 науқас стационарлық ем қабылдауда. Коронавирус пен метапневмовирустық инфекция жағдайлары, сондай-ақ өлім-жітім тіркелген жоқ.
Облыс бойынша 714 инфекциялық төсек дайындалған, оның 28%-ы ғана толтырылған. Сондай-ақ 60 реанимациялық төсек бар (жүктеме – 7%). Медициналық ұйымдар қажетті дәрі-дәрмекпен, жеке қорғаныс құралдарымен және жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
ЖРВИ және тұмаумен ауырғандарды үй жағдайында 150 мобильді бригада қарап, ПМСП ұйымдарында фильтр-кабинеттер мен изоляторлар жұмыс істейді.
Тұмаудың алдын алу мақсатында облыста 123 мың доза вакцина сатып алынып, 99 430 адам егілді. Оның ішінде 10 516 медицина қызметкері, 3 357 жүкті әйел, балалар үйлеріндегі 110 жетім бала, қарттар мен мүгедектер үйлерінің 1 123 тәрбиеленушісі және басқа да тәуекел тобына кіретін тұлғалар бар.
Сонымен қатар, 15 073 бала пневмококк инфекциясына қарсы толық егілді.
Облыста тұмау мен пневмококк инфекциясына қарсы вакцинациялау жұмыстары жалғасуда.
Дәрігерлер облыс тұрғындарын ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу шараларын қатаң сақтауға шақырады:
- адамдар көп жиналатын жерлерде бетперде тағу;
- қолды жиі жуу және антисептик пайдалану;
- ауаны желдету, үйді таза ұстау;
- ауырған жағдайда өздігінен емделмей, дәрігерге жүгіну.
Есіңізде болсын: асқынусыз өткен ЖРВИ толық жазылуға орта есеппен 7–10 күн қажет. Дер кезінде медициналық көмек алу – денсаулық кепілі.




