Жамбыл облысының Өңірлік комуникациялары қызметі - Ақпарат агенттігі

Байланыс

  • ato.uvp@mail.ru
  • +7 705 537 5268
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

ЖАМБЫЛДА ЖЫЛЫНА 25 МЫҢ ТОННА НАТРИЙ ЦИАНИДІ ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТТЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ

ЖАМБЫЛДА ЖЫЛЫНА 25 МЫҢ ТОННА НАТРИЙ ЦИАНИДІ ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТТЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ
ашық дерек
26 қараша, сәрсенбі күні Жамбыл облысында натрий цианидін өндіретін жаңа зауыттың құрылысы ресми түрде басталды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты. Жобаның іске асырылуы – Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген стратегиялық міндеттерді орындаудың нақты нәтижесі. Өндіріс орны өңірдің химия өнеркәсібін дамытуға, инвестиция көлемін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етпек.

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев натрий цианидін өндіретін жаңа кәсіпорынның құрылысын бастау рәсіміне қатысып, өңірдің химия саласындағы жетістіктерін атап өтті. Оның айтуынша, Жамбыл облысы бүгінгі таңда еліміздегі химия өнеркәсібінің негізгі орталығы саналады. Қазақстан бойынша фосфор, аммофос және натрий цианидінің толық көлемі осы өңір кәсіпорындарында өндіріледі. Аймақ басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысының инвестиция тарту және жаңа өндірістер ашу жөніндегі тапсырмаларының маңыздылығын ерекше атады. 

 
– Жаңа өндірістерді іске қосу, инновациялық технологияларды енгізу және ғылыми негізделген өнім шығару – біздің өңірдің алдағы жылдардағы басты басымдықтарының бірі. Натрий цианидін өндіру жобасы облыстың экономикалық әлеуетін арттырып, елдің өнеркәсіптік қуатын күшейтеді. Бұл маңызды бастаманы табысты жүзеге асыратынымызға сенімдімін, – деді Ербол Қарашөкеев.

Жаңа өндіріс орны Шу ауданындағы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында салынып жатыр. 68 млрд теңгені құрайтын ірі инвестициялық жобаны «Altynalmas Reagents» ЖШС қолға алған. Зауыттың жылдық өндірістік қуаттылығы – 25 мың тонна.

Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін алтын өндіру саласының стратегиялық қауіпсіздігі артып, ішкі нарық толық қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар өнім Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Моңғолияға экспортталмақ.  

Зауыт 2027 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.


– Жобаны жүзеге асыру барысында шамамен 250 тұрақты жұмыс орны ашылады. Оның 96 %-ы Қазақстан азаматтары. Жергілікті мамандар мен техникалық университет түлектерін жұмысқа тартамыз. Заманауи химиялық өндіріс болғандықтан, қызметкерлердің кәсіби даярлығына ерекше көңіл бөлетін боламыз, – деді «Altynalmas Reagents» ЖШС бас директоры Уәлихан Атагелдиев.  

Айта кетейік, биылғы жылдың қаңтар-қазан айларында Жамбыл облысына 553,6 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38,3 %-ға жоғары көрсеткіш. Инвестициялық ахуал бойынша өңір республикада үздік үштіктің қатарында.  

Жыл басынан бері жалпы құны 21 млрд теңгені құрайтын 10 жоба іске асырылып, 282 жаңа жұмыс орны ашылды. Қазіргі таңда облыстың инвестициялық қоржынында 2028 жылға дейін жүзеге асырылуы жоспарланған 62 ірі жоба бар. Олардың жалпы құны – 3,5 трлн теңге, нәтижесінде 6,4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылмақ. Бұл жобалардың 12-сі шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылып жатыр.

Zhambylokq
Автор

Zhambylokq

Жамбыл облысының Өңірлік комуникациялары қызметі - Ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар