2025 ЖЫЛҒЫ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ
- author Zhambylokq
- Бүгін, 18:04
- 34
Әлеуметтік-экономикалық даму
Облыстың жалпы өңірлік өнімі 7,9%-ға өсті (3150,4 млрд. теңге, 2025 жылдың 1 жартыжылдығы). Ағымдағы жылдың 10 айында қысқамерзімді экономикалық өсім 109,8% деңгейінде қалыптасып, өнеркәсіп өнімінің көлемі 17%-ға, ауыл шаруашылығы – 3,1%-ға, құрылыс жұмыстары – 18,8%-ға, тұрғын үй – 1,7%-ға, сауда – 0,5%-ға, көлік – 2,9%-ға, байланыс – 9,4%-ға, негізгі капиталға инвестиция – 38,3%-ға артты.
Өнеркәсіп
Жыл басынан бері 1,1 трлн. теңгеге өнеркәсіп өнімі өндіріліп, 929 кәсіпорында (17 ірі, 25 орта, 884 шағын) 39,7 мың жұмыс орны құрылды. Өнеркәсіп өндірісінің өсу қарқынымен облыс республика бойынша 3-орында, ал өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқынымен 5-орында (өсім 12%-ға). Өнеркәсіп өнімі өндірісінің шамамен 63%-ы өңдеу секторына тиесілі. Облыс кәсіпорындары арқылы республика бойынша 100% натрий триполифосфаты, натрий цианиді, аммофос, сары фосфор және 40% қант өндіріледі. Жыл басынан салаға 203,8 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, өңдеу өнеркәсібі өнімінің экспорты 1,5 есеге (270,4 млн АҚШ долл.) ұлғайды, бұл республика бойынша 1 орын.
Экономиканы индустрияландыру
Жыл басынан облыс экономикасына 553,6 млрд теңге инвестиция тартылды, оның 82%-ы жеке меншік қаражат. Инвестициялардың жалпы көлеміндегі жеке инвестициялар үлесі бойынша облыс республикадағы 5-тікте. Өңірге тартылған инвестиция көлемінің өсу қарқыны бойынша облыс республикада 3-ші орында (1,4 есе). 2029 жылға дейін 8,3 мың жұмыс орнын құруды көздейтін жалпы құны 4,1 трлн теңге болатын 62 жобадан тұратын инвестициялық портфель қалыптастырылды, оның 12-сі шетелдік инвесторлардың қатысуымен (2,6 трлн тг). Ағымдағы жылы 161 млрд теңгеге 1,1 мың жұмыс орнын құратын 26 инвестициялық жоба іске асырылмақ.
Ірі жобалар
Облыста бірегей өндірістер іске асырылуда: мысалы, SHENGTAI BIOTECH CO. LTD жылына 3 млн тонна жүгеріні тереңдетіп өңдейтін жоба (құны 800 млрд теңге, 1,5 мың жұмыс орны), YONGGANG IRON AND STEEL GROUP CO., LTD жылына 3 млн тонна прокат металл бұйымдарын өндіретін зауыт (құны 674 млрд теңге, 2,5 мың жұмыс орны), ЕВРОХИМ УДОБРЕНИЯ жылына 1 млн тонна күрделі тыңайтқыштар шығаратын зауыт, «ZHONGKAI KAZAKHSTAN INTERNATIONAL SUGAR INDUSTRY COMPANY» заманауи қант зауыты (құны 108 млрд тг, 350 жұмыс орны) және тағы басқа жобалар.
«Jibek Joly» АЭА және «Тараз» ИА
Жоғарыда аталған жобалардың басым бөлігі «Jibek Joly» арнайы экономикалық аумағында және «Тараз» индустриялық аймағында орналасқан. «Jibek Joly» аумағы 905 га, оны 1,2 мың гектарға дейін кеңейтуді жоспарлап отыр. Мұнда жалпы құны 1,6 трлн теңгені құрайтын 18 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, 5,2 мың жұмыс орны құрылады. «Тараз» индустриялық аймағында 1300 жұмыс орны құрылатын 23 жоба іске асырылады.
Шағын және орта бизнес
Облыстың қаржы институттары арқылы 32,5 мың кәсіпкерге 289,8 млрд теңге несие берілді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында 52,1 млрд теңгеге 1218 жоба іске асырылды. Нәтижесінде шағын және орта бизнес өнім көлемі 18,1%-ға артты (765,5 млрд теңге). Ағымдағы жылдың 1 қарашасына жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 109,1 мың бірлікті, жұмыспен қамтылғандар саны – 165,4 мың адам. Шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы қосылған құны 348,2 млрд теңге, ЖӨӨ-дегі үлесі – 22,5%.
Ауыл шаруашылығы
Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 458,5 млрд теңге (өсім 3,1%). Егістік алқап 640 мың гектарға жетті. Өңірде 3,3 млн тонна өнім жиналды, оның ішінде 283 мың тонна масақты дәнді дақылдар, 31,3 мың тонна майлы дақылдар, 1,3 млн тонна көкөніс, 207 мың тонна картоп, 389 мың тонна бақша дақылдары. Қант қызылшасы алқабының 88,1%-ы жиналып, 207 мың тонна өнім алынды. Мал шаруашылығында ет өндірісі 2,7%-ға, сүт 1,6%-ға артты. 888,7 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды, оның ішінде 410 мың тонна пияз (Ресей, Қырғызстан, Пәкістан, Өзбекстан, Әзірбайжан).
Суармалы жерлерді қалпына келтіру
Облыста 66,5 мың га егіс алқаптарына су үнемдеу технологиялары енгізілді. 6 ауданында 37,2 млрд теңгеге 322 су нысаны жаңартылуда. Су саласын дамытудың кешенді жоспары бойынша 2029 жылға дейін 11 жаңа су қоймасын салу, 3 су қоймасын қайта жаңарту және 312 каналды жөндеу жоспарланған.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету
Жыл басынан 586,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (жоспар 765 мың ш.м). 2 190 пәтерлі 46 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, жыл соңына дейін тағы 20 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланады. Көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік-осал топтар үшін 710 пәтер сатып алу жоспарланған. «Әулие ата жастары» бағдарламасы аясында 140 жас отбасы баспанамен қамтамасыз етілді.
Инженерлік және көлік инфрақұрылымы
Ағымдағы жылы 13,9 млрд теңгеге 24 ауылдық елді мекен мен Тараз, Шу қалаларының 9 тұрғын алқабы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Газдандыру аясында 6 ауданында 14 жоба іске асырылуда, газбен жабдықтау деңгейі 91,3%-дан 91,8%-ға дейін жетеді. Жыл қорытындысымен жылу желілерінің тозу деңгейі 53%-ға төмендейді. Автожол саласында 182 жобаны іске асыруға 28 млрд теңге бөлініп, 460,2 шқ жол қамтылды.
Тараз қаласын дамыту
Таразда Абай даңғылы бойында жол өткелі бар көпір құрылысы жалғасуда. Жаңа тұрғын үй алқаптарының қала орталығымен байланысын қамтамасыз ету үшін 50 шқ асфальт жолдар салынып, 3 көше қайта жаңғыртылды. 35,3 шқ жаяу жүргінші жолдары жабдықталды, 49,6 шқ суару арықтары жөнделді. Соңғы екі жылда 271 заманауи автобустар сатып алынды. 15 ескі көпқабатты үйлер сырты жаңартылып, 27 балалар ойын алаңшалары орнатылды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау
Әлеуметтік саланы қамтамасыз етуге 46,6 млрд теңге бөлінді. «10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орнын құру» тапсырмасы аясында 16,5 мың жұмыс орны құрылды. Өңірлік жұмыспен қамту картасы бойынша 57,3 мың жұмыс орны құрылды. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 42,8 мың адам қамтылды. Жұмыссыздық деңгейі 4,8%, бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 308,1 мың теңге. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 21,7 мың адамға дейін қысқарды. 11 отбасы қолдау орталықтары ашылды, 826 отбасыға көмек көрсетілді.
Білім
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту шеңберінде 25 млрд теңгеге 26 білім беру нысаны құрылысы жүргізілуде. Жыл басынан 7 мектеп пайдалануға берілді (3550 орындық), оның 4-уі «Келешек мектептері» жобасы аясында. 16 білім нысанын күрделі жөндеуге 11 млрд теңге бөлінді. «Адал азамат» бағдарламасы аясында 22 мектеп бірыңғай дизайн-кодқа көшуде. Облыс оқушылары 16-шы жыл қатарынан Республикалық ғылыми жобалар конкурсында «Ең үздік команда» атанды. Жыл соңына дейін 320 орындық дарынды ұлдарға арналған «Әскери мектеп-интернаты» ашылады.
Денсаулық сақтау
Ағымдағы жылы 4,1 млрд теңгеге 5 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілуде, оның 3-і пайдалануға беріледі. 11 қалалық медициналық мекеме 1,5 млрд теңгеге күрделі жөндеуден өтті. 6 млрд теңгеге 32 бірлік медициналық жабдықтар сатып алынды. Денсаулық сақтау инфрақұрылымының тозу деңгейі 42%-ға дейін төмендеді, медициналық жабдықпен жарақтандыру деңгейі 92%-ға жетті. 22 медициналық мекеме бірегей радиологиялық ақпараттық жүйеге біріктірілді, 2264 адам тексеруден өтті.
Спорт
3,1 млрд теңгеге 21 спорт кешені құрылып, 3 кешен мен 90 спорт алаңдары пайдалануға берілді. Халықты спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз ету деңгейі 70,8%-ға, дене шынықтырумен айналысатын халық үлесі 41,9%-ға жетті. Облыс спортшылары жыл басынан 1534 медаль жеңіп алды, оның ішінде 488 алтын, 492 күміс, 554 қола. Таразда балалар мен жасөспірімдерге арналған футбол академиясының құрылысы басталды.
Мәдениет және туризм
Мәдениет саласында 16 нысан құрылысы жүргізілуде, есепті кезеңде 10 нысан пайдалануға берілді. 16 мәдениет нысанына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Халықтың мәдени инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 79,5%-ға жетеді. Мемлекеттік шығармашылық тапсырыспен 186 үйірмеде 5,9 мың бала қамтылды. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай музей ашылды. Туризм саласында 6 млрд теңгеге 10 инвестициялық жоба іске асырылуда.
Цифрландыру
353 елді мекен мобильді интернетпен қамтамасыз етілді (4G – 259, 3G – 51, 2G – 43). «Қолжетімді интернет» жобасы аясында 148 елді мекенде интернет сапасы 4G деңгейіне жеткізілді. 2026 жылы талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылу деңгейі 90%-ды құрайды. Таразда 5G-мен 45 базалық станция іске қосылды.
Қауіпсіз қоғам
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 96 сергек және 800 бейнебақылау камерасы орнатылды, 17 арнайы автокөлік сатып алынды. Төтенше жағдайлар саласында 18 өрт сөндіру-құтқару техникасы, 23 сиреналық-сөйлеу құрылғысы орнатылды, 3 ауданға өрт сөндіру пункттері ашылды.
Халықпен кері байланыс
54 мың өтініш тіркелді, оның 70%-ы оң шешім тапты. Облыстың 150 елді мекенінде 39 іс-сапар жүргізілді. Барлық деңгейдегі әкімдермен 632 кездесу өткізіліп, 32 мыңнан астам адам қатысты. Халық тарапынан 1981 сұрақ көтеріліп, оның 72,5%-ы шешілді. 21 жеке қабылдауда 272 азаматқа көмек көрсетілді.




