СҰЙЫТЫЛҒАН ГАЗДЫ ӘРТҮРЛІ БАҒАМЕН САТҚАН КОМПАНИЯЛАР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ – 20 МЛН ТЕҢГЕ АЙЫППҰЛ
- author Zhambylokq
- Бүгін, 17:55
- 1
Монополияға қарсы ден қою шаралары
Есепті кезеңде монополияға қарсы заңнаманы сақтау мақсатында бірқатар нақты шаралар жүзеге асырылды. Атап айтқанда:
3 тергеп-тексеру тағайындалып, толық аяқталды;
Нарық субъектілеріне қатысты 15 нұсқама енгізілді;
8 хабарлама және 1 алдын ала ескерту жолданды.
Бұл шаралар өңірдегі заңбұзушылықтардың алдын алуға, тоқтатуға, азайтуға және бәсекелестік талаптарын бұзуға жол бермеуге мүмкіндік берді.
Тергеп-тексеру жұмыстары жергілікті атқарушы органдарға, өндірушілерге және түрлі кәсіпорындарға қатысты жүргізілді. Нәтижесінде, бәсекелестік туралы заңнаманы бұзғаны үшін 4 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 20 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Сонымен бірге 1 іс материалдары сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу үшін Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қарауына жолданды.
Нақты заңбұзушылықтар және олар бойынша қабылданған шаралар
Автодилерлерге қатысты іс
«Nomadcar», «Авто Прайм Тараз» және «Лекс-Авто» серіктестіктері тұтынушыларға көліктің кепілдігін сақтау үшін мотор майы мен шығын материалдарын тек дилерлік орталықтарда ауыстыруды міндеттеген. Бұл – тұтынушылардың таңдау еркін шектейтін заңсыз талап.
Дилерлік орталықтар бұзушылықтарды мойындап, оларды толық жою бойынша шаралар қабылдады.
Жергілікті атқарушы органдағы заңбұзушылық
Талас ауданы Қаратау қаласы әкімінің аппараты қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау қызметі бойынша конкурста бір кәсіпкерлік субъектісіне артықшылық беру белгілеріне жол берген. Аталған дерек бойынша лауазымды тұлғаға әкімшілік іс қозғалды.
Үстем жағдайды теріс пайдалану
«KGT Group» және «Alan Gaz Terminal» ЖШС сұйытылған мұнай газын сату кезінде әртүрлі бағалар белгілеп, шарт жасасу барысында сатып алушылардың құқықтарын шектеген. Объективті себептері жоқ бұл әрекеттер заңбұзушылық болып танылды. Екі компания да бұл фактілерді толық мойындап, бұзушылықтарды жойды.
Бәсекелестікті дамыту бағытындағы жұмыстар
Өңірдегі нарықтық ортаны терең талдау және әділ бәсекелестікті қамтамасыз ету мақсатында:
15 тауар нарығына талдау жүргізілді (көлік, байланыс, АӨК, отын-энергетика және басқа салалар).
Мемлекеттік кәсіпорындардың қызметін бақылау нәтижесінде 23 ұйымның 12-сінде монополияға қарсы органның келісімін алмай қызмет көрсеткені анықталып, Жарғылары қайта түзетілді.
Кедергілерді жою жөніндегі кеңестің жұмысы
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Департамент жанында нарыққа кіру кедергілерін анықтау және жою жөніндегі кеңес тұрақты негізде жұмыс істейді.
Жыл басынан бері 7 отырыс өткізіліп,
9 мәселе қаралды,
Оның 5-і өңірлік деңгейде жойылды.
Кеңес кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға, нарықтағы әділдікті қамтамасыз етуге және бизнестің дамуына кедергі келтіретін тосқауылдарды жүйелі түрде азайтуға мүмкіндік беріп отыр.
Жекешелендіру және квазимемлекеттік секторды оңтайландыру
Президенттің экономикада ырықтандыру саясатын жүзеге асыру шеңберінде, Департамент өңірдегі квазимемлекеттік сектор субъектілеріне талдау жүргізді.
Нәтижесінде:
91 ұйым анықталып, оның ішінде денсаулық сақтау – 41, білім беру – 19, мәдениет – 11, ТКШ – 11 және басқа салалар қамтылды.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, олардың басым бөлігі бәсекелестік ортаға беріледі деп жоспарлануда.
Жамбыл облысы бойынша департамент жыл бойы бәсекелестікті қорғау, әділ нарықтық орта қалыптастыру және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүргізді. Алдағы кезеңде де заңбұзушылықтарды анықтау, оларды болдырмау және бизнес үшін ашық әрі таза нарық қалыптастыру бойынша шаралар күшейтілетін болады.
Ұқсас жаңалықтар
ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ КӨРСЕТКІШТЕРІ
- авторZhambylokq
- 11 желтоқсан, 2025
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ БІЛІМ САПАСЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ 2025 ЖЫЛҒЫ ЖҰМЫСТАРЫ
- авторZhambylokq
- 11 желтоқсан, 2025




