Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan газеті» газетіне берген сұхбатында өзінің өмір жолы мен кәсіби ұстанымына кеңінен тоқталды. Президент 1975 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігінде еңбек жолын бастап, мемлекеттік қызметте жарты ғасырдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқанын атап өтті. Алғашқы мамандығы қытайтану саласына қатысты екенін айта отырып, бұл кәсіптің ерекше табандылықты, ұқыптылықты және жоғары жауапкершілікті талап ететінін жеткізді.
Сұхбат барысында Мемлекет басшысы мәтінмен жұмыс істеуге деген талапшылдығын, стиль мен әріп қатесіне мүлде төзбейтінін атап өтті. Жолдауларын, сөйлейтін сөздерін, мақалаларын және қызметтік хаттарын өзі жеке қарап шығатынын да тілге тиек етті.
Темірдей тәртіпке, жүйелі еңбекке негізделген ұзақ жылдық мемлекеттік қызмет оның мінез-құлқы мен дүниетанымын қалыптастырған. Осы орайда Президент «Сіз кімсіз?» деген сауалға қысқаша әрі нық жауап беріп, өзін «мемлекетшіл адаммын» деп сипаттады.






