Энергетика министрлігі саладағы цифрлық трансформацияны жеделдету мақсатында жасанды интеллектке негізделген қолданбалы пилоттық жобаларды іске асыруда. Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, министрліктің негізгі тәсілі эксперименттік әзірлемелерге емес, инфрақұрылымның сенімділігін арттыруға, апаттылықты азайтуға және шығындарды оңтайландыруға бағытталған.
Қазіргі таңда энергетика саласында үш негізгі практикалық кейс жүзеге асырылуда. Оның бірі – ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы электр беру әуе желілерін ЖИ-дефектоскопиялау. Компьютерлік көру мен машиналық оқыту технологиялары 4K-камералар, жылу анықтау және лидар жүйелерінен алынған деректер негізінде тірек конструкциялары мен сымдардағы ақауларды, қызып кету мен деформацияларды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді.
Екінші жоба – акустикалық резонанс технологиясына негізделген жылу желілерінің роботтандырылған құбырішілік диагностикасы. Бұл әдіс жүйені ашпай-ақ және тоқтатпай-ақ құбырлардың техникалық жай-күйін дәл бағалауға жол ашады.
Үшінші бағыт газ саласына арналған ЖИ-ассистентті қамтиды. Ол мобильді қосымша арқылы түсірілген фотосуреттер негізінде газ есептегіштердің көрсеткіштерін автоматты түрде таниды. Нәтижесінде адам факторы азайып, есепке алу дәлдігі артады.
Аталған шешімдер пилоттық режимде сынақтан өтіп, жоғары тиімділігін көрсетті. Диагностика уақыты қысқарып, апаттылық деңгейі төмендеді, ал ресурстарды үнемдеу көрсеткіші айтарлықтай артты.
Президент қойған міндеттерге сәйкес, 2026 жылы Энергетика министрлігі электр және жылумен жабдықтау салаларында жасанды интеллект шешімдерін пилоттық кезеңнен ауқымды енгізу сатысына көшуді жоспарлап отыр. Басым бағыттардың қатарында ақаулар классификаторларын кеңейту, магистральдық құбыржолдарда құбырішілік диагностика технологияларын енгізу және газ саласындағы цифрлық сервистерді одан әрі дамыту бар.
Сонымен қатар, министрлік жасанды интеллект технологияларын әзірлейтін отандық ІТ-компаниялармен ынтымақтастықты жалғастырады. 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялануы Қазақстан энергетикасын орнықты, цифрлық және технологиялық тұрғыдан тәуелсіз салаға айналдыруға жаңа серпін бермек.




