ҒЫЛЫМИ ӘЛЕУЕТ: УНИВЕРСИТЕТ ОҚЫТУШЫЛАРЫНЫҢ 50 %-Ы ҒЫЛЫМИ ДӘРЕЖЕЛІ
- author Zhambylokq
- Бүгін, 12:50
- 1
Білім сапасы ең алдымен ғылыми және ғылыми-педагогикалық әлеуетке тікелей байланысты. Қазіргі таңда университетте 13 ғылым докторы, 92 ғылым кандидаты, 19 PhD докторы, 118 магистр еңбек етеді. Осылайша, ғылыми дәрежесі бар профессор-оқытушылар құрамының үлесі 50 пайызды құрайды. Бұл – университеттің кадрлық әлеуетінің жоғары екенін көрсететін маңызды көрсеткіш.
Университеттің инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық базасы да жылдан-жылға нығаюда. Қазіргі уақытта жаңа оқу ғимаратының құрылысы жүргізілуде, ал заманауи спорт кешені пайдалануға берілді. Оқу-зертханалық база жаңартылып, білім мен ғылымды ұштастыруға барлық жағдай жасалған.
Жамбыл облысы аграрлық өңір болғандықтан, университеттің негізгі бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы саласына мамандар даярлау. Бүгінде агроөнеркәсіп кешені үшін ветеринарлық медицина, агрономия, агрономия-экология, ветеринарлық санитария, орман және балық шаруашылығы, өсімдіктерді қорғау және карантин, стандарттау мен сапаны бақылау сынды бірқатар сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадрлар даярлануда.
Білім берумен қатар, университетте ғылыми-зерттеу жұмыстары да қарқынды дамуда. Байзақ ауданында орналасқан үш ғылыми-зерттеу орталығы өңірлік ғылым мен өндірісті байланыстыратын маңызды алаңға айналған. Атап айтқанда, агробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығы студенттердің тәжірибеден өтуіне, ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, жылыжай кешенін дамытуға және отандық селекцияны зерттеуге бағытталған. Сонымен қатар, орталық ауыл шаруашылығы саласындағы шаруаларға әдістемелік және консультативтік көмек көрсетеді.
«Ветеринария және мал шаруашылығы» ғылыми-зерттеу орталығы өңірлік агрокешенді дамытуға және асыл тұқымды ірі қара мал селекциясын зерттеуге арналған. Ал «Аквакультура» ғылыми-зерттеу орталығы балық шаруашылығын дамыту, су айдындарының биологиялық құрамын зерттеу және балық өсіру технологияларын енгізумен айналысады. Университет ғалымдары Жамбыл облысындағы 148 су айдынының 80-іне ғылыми-биологиялық негіздеме жасап үлгерді.
Ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту мақсатында акваферма іске қосылып, бахтах балығын өсіретін мини-зауыт табысты жұмыс істеуде. Сонымен қатар, бекіре балығын өсіруге арналған екінші нысанның құрылысы аяқталды.
2025 жылдың 19 қыркүйегінде университет базасында «Аграрлық ғылымды дамыту: өзекті мәселелер мен жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында Ұлттық аграрлық ғылым академиясының кеңейтілген көшпелі отырысы өтіп, Академия – Университет – Облыс әкімдігі арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Бұл құжаттың басты мақсаты – өңірлік агротехнологиялық хаб құру.
Сонымен қатар, университеттің халықаралық байланыстары да қарқынды дамуда. Қытай, Түркия, Польша, Оңтүстік Корея, Болгария және басқа да елдердің жетекші жоғары оқу орындарымен серіктестік орнатылған. Академиялық ұтқырлық, қосдипломды бағдарламалар, бірлескен ғылыми жобалар табысты жүзеге асырылуда. Болгарияның Варненский свободный университетімен және Швейцария бизнес және технология университетімен қосдипломды бағдарламалар іске қосылды.
Жақында университеттің Ғылыми кеңесінде 2026–2030 жылдарға арналған Даму бағдарламасы қабылданды. Бұл стратегиялық жоспарды жүзеге асыруға университеттің ғылыми әлеуеті, инновациялық инфрақұрылымы және кәсіби профессор-оқытушылар құрамы толық мүмкіндік береді.




