Қабылданған кешенді ұйымдастырушылық, профилактикалық және жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде өңірде оң көрсеткіштерге қол жеткізілді. Соңғы төрт жылдағы статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2022–2025 жылдар аралығында мал ұрлығы 10,5 %-ға төмендеп, қылмыстардың ашылу деңгейі 52,6% -дан 66,3 пайызға дейін артқан.
2025 жылы тіркелген мал ұрлығы фактілерінің 74,1 %-ы малдың еркін жайылымда ұзақ уақыт қараусыз қалдырылуына байланысты орын алған. Осыған қарамастан, полиция қызметкерлерінің жедел әрекеттері нәтижесінде ұрланған малдың 72%-ы заңды иелеріне қайтарылды. Жалпы келтірілген 271 млн 533 мың теңге шығынның 166 млн 013 мыңы өтелді.
Мал ұрлығына қатысы бар 74 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылып, кәсіби түрде айналысқан 47 адамнан тұратын 18 қылмыстық топ әшкереленді.
Профилактикалық жұмыстар бес негізгі бағыт бойынша жүргізілуде. Соның ішінде ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру, мал иелерінің жауапкершілігін арттыру, мал ұсталатын орындарды техникалық тұрғыда нығайту және заманауи бақылау құралдарын пайдалану басты назарда.
Мәселен, GPS-құрылғылар мен сәйкестендіру чиптерін қолданудың арқасында Жуалы ауданында еркін жайылымнан ұрланған ірі қара мал дер кезінде анықталды. Түнгі уақытта және қолайсыз ауа райы жағдайында алынған деректер көршілес елді мекен аумағынан 11 бас жылқыны табуға мүмкіндік беріп, олардың барлығы заңды иелеріне қайтарылды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, күдікті жергілікті тұрғын уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу әрекеттері жалғасуда.
Жамбыл облысының Полиция департаменті алдағы уақытта да мал ұрлығының алдын алу, азаматтардың мүлкін қорғау және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейте бермек.




