Сонымен қатар, ұлттық жоба аясында «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС тарапынан облыс бойынша ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Атап айтқанда, 20,6 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылып, 1450,6 шақырым электр желілері мен 4 қосалқы станса қайта жаңғыртудан өткізілетін болады. Қазіргі уақытта электронды платформада 15 жоба бойынша конкурс жарияланып, мердігерлерді анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бөлек, Тараз қаласын тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы басталған екі жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары биыл аяқталмақ. Оның бірі – «Шөлдала», «Құмшағал», «Көлтоған» тұрғын алаптары мен 28 саяжайды электрмен жабдықтау үшін кернеуі 35/10 кВ қосалқы станса құрылысы. Жобаның жалпы құны 8,7 млрд теңгені құрайды. Нысанды аяқтау үшін 223,9 млн теңге қаралған.
Екінші жоба – Тараз қаласының 15-шағын ауданында кернеуі 110/10 кВ қосалқы станса құрылысы. Жобаның жалпы құны 6,9 млрд теңге, ал құрылысты аяқтауға 3,7 млрд теңге бөлінді.
Жоспарланған бұл іс-шаралар облыс тұрғындарын жылыту маусымы кезінде сапалы әрі үздіксіз электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.




