Саялы Сарысуда мәдениет күні өтті
Шежіре тұнған, асылдар туған саялы мекен Сарысуда «Мәдениет - асыл қазынам» тақырыбындағы мәдениет күні өтті.
Мәдени көпшілік іс-шара аудан орталығында бой көтерген киелі сахнаның лентасын қиюмен басталды. Лентаны Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Жаңатас және Шоқпар ВЭС электростанциясының бас инженері Чжан Лян қиды.
Жамбыл облысы әкімінің аппарат басшысы Мади Мәтен салтанатты жиында алғаш болып сөз алып, жиналған көпшілікті мәдениет күнімен құттықтады.
Аудан әкімі Сәкен Мамытов пен мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков аудан тұрғындары мен қонақтарын мәдениет күнімен тұспа-тұс келген 95 жылдық мерейлі тойымен құттықтай отырып, ауданның тарихы мен жетістігі, игілікті істері мен атқарылған жұмыстарына тоқталып өтті.
Концерттік бағдарлама «Сарысу «халық театрының «Қобызым – абызым» атты театрландырылған қойылымымен жалғасын тауып, «Айжанқыз» би ұжымының биімен көркемделді.
«Шоқай датқа мен Майкөт ақынға» арналған көрініс халық назарына ұсынылып, аудан өнерпаздары әннен шашу шашты. Бүлдіршіндер өзге ұлт өкілдерінің ұлттық билерін билеп, шараның көркін қыздыра түсті.
Шара соңында республикаға танымал эстрада жұлдыздары Гауһар Қаспақова, Салтанат Бигулина мен «Астана» тобының әншілері әсем әнін шырқап, халықтың көңілін көтерді.
Мәдениет күні аясында қолөнер және бейнелеу өнері шеберлерінің бұйымдары, кітап көрмелері, ауылшаруашылығы мен кәсіпкерлердің бұйымдары ұсынылып, ұлттық спорттық ойындарынан жарыс өтті.
Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай бастаған комиссия мүшелері Сарысу төріндегі мәдениет күніне куә болып қайтты.
Келесі мақала