Мәдімар ауылында бір отбасы қоныс тойын тойлады
Республика күніне орай, Байзақ ауданы, Ынтымақ ауылдық округі, Мәдімар елді мекенінде көпбалалы, аз қамтылған отбасыға тұрғын үй пайдалануға берілді. Ынтымақ пен бірлікті ту еткен мәдімарлық ағайын «Асарлатып үй салу» жобасы арқылы осымен төртінші жыл қатарынан көпке үлгі көрсетіп келеді. Республика күні мерекесінде, аудан әкімінің орынбасары Талғат Жамалов тағы бір отбасын қуанышқа кенелткен сәтке куә болып, баспаналы болған көпбалалы отбасыны құттықтады.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қолда барын бір-бірімен бөлісіп, біріне-бірі қамқор, тілеулес болған ұлттың ұлылығы да осында. Мұндағы мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандарға, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көптің көмегімен асарлатып тұрғын үй салып беру. Бұл ретте бірінші кезекте кімдерге көмек көрсетілетінін жергілікті ақсақалдар алқасымен келісе отырып шешіледі. Негізінен мұнда баспанаға мұқтаж азаматтарға асарлатып үй салынады. Ауыл тұрғыны, көп балалы отбасы Жапсарбек Шағайбаевқа 6 бөлмелі үйдің кілті табыс етілді.
Айтулы шарада аудан әкімінің орынбасары Талғат Жамалов, ауыл тұрғындары атынан ақсақалдар алқасының төрағасы Жамбыл Даулетов, еңбек ардагері Айша Жылқышиева жүрекжарды лебіздерін арнады.
Жаңа баспананың лентасын Талғат Салқанұлы, ауылдық округтегі билер алқасының төрағасы Асан Әлмақашов, ардақты ана Ашира Шағайбаева салтанатты түрде қиып, ақ жаулықты аналар шашу шашты.
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
«AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ 2024 ЖЫЛЫ АТҚАРҒАН ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ
- авторZhambylokq
- 27 желтоқсан, 2024