Нан бағасы 20 теңгеге қымбаттады
Жамбыл облысында нан қымбаттады. Ас атасының 20 теңгеге қымбаттап шыға келгені жұрттың наразылығын туғызып отыр.
Нанның бір бөлкесі қазір 120 теңге, тіпті кейбір дүкендерде 150 теңгеден сатылып жатыр. Өйткені наубайханашылар ұнның қымбаттауынан ескі бағаны бұдан ары ұстап тұра алмаймыз дейді. Бұл туралы КТК арнасына мәлімдеді.
Олар қарашаның 1-нен бастап, яғни бүгіннен азық-түлік дүкендеріне нанның 20 теңгеге қымбаттайтыны жайлы хабарламаны алдын ала жіберген. Кәсіпкерлер бұған ұн бағасы көтерілгендіктен, амалсыздан жасалған қадам деп түсінген. Ал тұрғындарға 100 теңгелік нанның енді 120 теңге тұруы күтпеген жағдай болыпты.
Тіпті шенеуніктердің өзі бұндай өзгерісті білмей қалған. Айтуларынша, ас атасының бағасын көтеру туралы олармен ешкім ақылдаспаған.Сондықтан рұқсатсыз әрекет еткендерге бағаны бұрынғы қалпына келтіруіне тура келді.
«120 теңге көлемінде сатылу бағасы бойынша фактісі анықталды. Айта кететін жәйт, супермаркеттерде нанның бағасы қазіргі таңда 100 теңге көлемінде сатылуда. Жоғарыда айтылған факті бойынша іс шара жоспары бекітіліп, сол іс шара жоспары арқылы біз нанның бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыс атқаратын боламыз», - дейді Жамбыл облысы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының бас маманы Елжар Құрманбек.