Жаңалықтар
Жамбыл облысының жалпы өңірлік өнім көрсеткіші 1,3 трлн теңгені құрады
- author Zhambylokq
- 5 желтоқсан, 2023
- 107
Жамбыл облысының жалпы өңірлік өнім көрсеткіші 1,3 трлн теңгені құрады
Жамбыл облысы жалпы өңірлік өнім көрсеткіші бойынша 8-орынға жайғасты. Бүгін облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында аймақтың дамуы жайында есеп берді. Оның айтуынша, былтырға қарағанда айтарлықтай өсім бар. Жалпы өңірлік өнім 1,3 трлн теңгеге тең.
«Экономика салалары бойынша атап айтқанда: байланыс көлемі 2022 жылдың тиісті кезеңіне 8,1%-ға, құрылыс жұмыстары -11,1%-ға, сауда - 2,6%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру - 2,2%-ға, өнеркәсіп өндірісі - 0,6%-ға, көлік - 0,1%-ға артты. Өсімдік шаруашылығы өнімінің көлемі төмендеуіне байланысты жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 6,1%-ға төмендеді. 365 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңіне 12%-ға артты», – деді өңір басшысы.Өңдеу өнеркәсібі секторында облыстың мықты өнеркәсіптік негізін жедел дамыту және қалыптастыруға баса мән беріледі. Қазір өңір экономикасындағы өнеркәсіптің үлесі - 22%. 846 кәсіпорында 46 мың адам еңбек етеді. Саладағы өнім көлемі 695 млрд теңгеге дейін жеткізілді.
«Өңдеу секторының үлесі 71%, өнім көлемі - 494 млрд.теңге. Тау-кен өндіру саласының көлемі 17,1%-ға ұлғайды», - деп мәлімдеді Ербол Қарашөкеев.Қаңтар-тамыз айларында өңдеу өнеркәсібі саласына 88 млрд. теңге инвестиция тартылып, экспорт көлемі 121 млн АҚШ долларын құрады. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табады. Жыл соңына дейін инвестиция көлемін 572 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарда бар. Бүгінде облыстың инвестициялық портфелі 2,3 трлн теңгені құрап, 69 жобаны қамтиды. Оларды 2026 жылға аяқтау көзделген. Нәтижесінде қосымша 5,5 мың жұмыс орны ашылады.