Шу қаласында ресми статистикаға сәйкес 45 249 тұрғын бар, аулалар саны – 10 116. Қала 1960 жылғы 25 маусымда құрылған, жалпы аумағы 5 615,31 гектарды құрайды. Қаланың аумағы 8 тұрғын алқапқа бөлінген: Қант зауыты, Тоғай, Жанкулиев, Батыс, Горгаз, Жайсан, Жетісу, Қосқұдық.
Бюджет және экономикалық даму
2026 жылға қаланың бюджеті 1 млрд 456 млн теңгені құрады. Оның ішінде өзіндік кіріс – 1 млрд 164 млн теңге, аудандық бюджеттен – 292 млн теңге бөлінді.
Жалпы алғанда, соңғы үш жыл ішінде қаланың өзіндік кірісі шамамен екі есеге артты. Бұл қала экономикасының тұрақты дамуын, кіріс көздерінің кеңеюін және жергілікті бюджеттің сыртқы трансферттерге тәуелділігінің біртіндеп азайып келе жатқанын көрсетеді.
2025 жылға бюджет көлемі 1 млрд 381 млн теңге болса, 2024 жылы – 1 млрд 259 млн теңге болды. Ал 2024 жылы облыстық бюджеттен 200 млн теңге қарастырылған.
Қаланың өзекті мәселелері және инфрақұрылымды дамыту
Жол инфрақұрылымы
Шу қаласында жалпы ұзындығы 204,2 шақырымды құрайтын 313 көше бар. 2025 жылға дейін оның 119 көшесі асфальтталмаған болатын.
2025–2026 жылдарға құны 716,3 млн теңге болатын 44 көшеге асфальт төсеу жұмыстары басталды. Бүгінгі күнге дейін 28 көше толық аяқталды. Асфальтталған көшелердің үлесі 71 пайызға жетті.
Қалған 18 көшеде жұмыстар бюджет тапшылығына байланысты 2026 жылға өтпелі болды. Бұл көшелер қатарында Уалиханов, Серкебаев, Аягөз, Алтынемел, Сарыөзек, Төле би, Баянауыл және басқа көшелер бар. Жұмыстар 2026 жылдың мамыр айынан бастап жалғасады.
Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолдары мен жол жамылғысын жөндеу жұмыстары да жүргізілуде.
Қоғамдық көлік
Қалада жолаушылар тасымалын «Ақ жол-2000» ЖШС жүзеге асырады. Қазіргі таңда екі негізгі бағыт бойынша 10 автобус қатынайды. Жол ақысы – 50 теңге.
2024 жылы 7 жаңа автобус сатып алынып, көлік паркі жаңартылды. 2026 жылдың қаңтар айынан бастап қосымша бағыттарға тағы 3 автобус қосылды.
Қалада жалпы 31 аялдама бар, оның 20-сы жаңартылған. 2026 жылы тағы 4 жаңа аялдама орнатылады.
Кәріз жүйесі
Шу қаласының батыс бөлігіндегі кәріз жүйесі 1961 жылы салынған. Оның тозу деңгейі – 86 пайыз. Бұл Батыс, Жайсан, Жетісу мөлтек аудандарын қамтиды.
Қолданыстағы жүйе экологиялық талаптарға сай келмей, апаттық жағдайда жұмыс істеуде. Осыған байланысты 15 млрд теңгеге қайта жаңғырту жобасы әзірленіп, республикалық бюджетке ұсынылды. Қаржыландыру күтілуде.
Көппәтерлі тұрғын үйлер
Қалада 133 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде 118 үй кондоминиум ретінде тіркелген.
Соңғы жылдары 51 үй жөндеуден өтті. 2023–2025 жылдары ондаған тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізіліп, аулалар абаттандырылды.
2025 жылы 13 үйді жөндеу үшін 312,1 млн теңге көлемінде өтінім ұсынылғанымен, қолдау таппады. Қайта қарауға берілді.
Сонымен қатар 166,9 млн теңгеге бірнеше көпқабатты үйдің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Газдандыру
42 көппәтерлі тұрғын үйге табиғи газ тартылған. Жалпы пәтер саны – 2052.
Қала бойынша 650 абонент газ жүйесіне қосылған. Жеке тұрғын үйлер бойынша 7175 абонент табиғи газды пайдаланады.
Тұрғын үймен қамту
Қалада тұрғын үй кезегінде 882 адам тіркелген.
2023–2025 жылдар аралығында 123 үй сатып алынып, әлеуметтік осал топтарға берілді. Қосымша 94 пәтер пайдалануға дайындалуда.
Ауыз су
Қаладағы 9406 ауланың 7791-і орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған (82,8%).
Бірқатар мөлтек аудандар толық қамтылғанымен, үйлерге қосылу жұмыстары баяу жүргізілуде. Тұрғындар су жүйесіне жеке қосылуы тиіс.
Электр желілері және жарықтандыру
Электр желілерінің жалпы ұзындығы – 275,5 шақырым, тозу деңгейі – 70 пайыз.
Қалада 313 көшенің тек 85-і жарықтандырылған.
2025 жылы 17 көшеге түнгі жарық орнатылды. 2026 жылы тағы 9 көше жарықтандырылады.
Спорт және демалыс инфрақұрылымы
Қалада 1 спорт кешені, 2 стадион, 11 спорт алаңы, 37 балалар ойын алаңы бар.
2025 жылы 7 жоба жүзеге асырылды. 2026 жылы тағы 9 жаңа ойын алаңы салынады.
«Жеңіс» саябағы толық жаңартылып, жаңа демалыс аймақтары пайдалануға берілді.
Экология және абаттандыру
Қалада ағаш отырғызу акциясы нәтижесінде 500-ге жуық ағаш егілді.
Қоқыс алаңшалары жаңартылуда, тазалық жұмыстары күшейтілді. QR-код арқылы экологиялық акциялар енгізілді.




