Бұқаралық спортты дамыту, жоғарғы спорт жетістігіне жету және спорт резервін дайындау – облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы алдында тұрған ең маңызды мемлекеттік міндет.
Бүгінгі күнге, облыс көлемінде басқармаға қарасты 53 спорт мекемесі жұмыс атқаруда.
Аталған спорт мекемелерінде 29 862 спортшымен тұрақты түрде 1 122 жаттықтырушы жұмыс жүргізуде.
Қазіргі таңда облыста спорттың 83 түрі қамтылған.
Бүгінгі таңда 805 облыс спортшысы түрлі деңгейдегі Ұлттық құрама командаларға мүше болып отыр.
Облыс споршылары 2023 жылы түрлі республикалық және халықаралық ресми жарыстарда 1 655 медальға ие болса, бүгінгі күнге облысымыздың спортшылары 683 медальға ие болды. Оның ішінде: 223 алтын, 180 күміс, 280 қола медаль.
2024 жылы төртжылдықтың басты додасы саналатын «Париж – 2024» Жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындары өтеді.
Бүгінгі күнге, облысымыздан Жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына 6 спорт түрінен 6 спортшы лицензия жеңіп алды. Олар, қазіргі бессайыс спорт түрінен Георгий Борода-Дудочкин, бокстан Асланбек Шымбергенов, еркін күрестен Әлішер Ерғали, дзюдодан Данияр Шамшаев, пара жүзуден Нұрдаулет Жұмағали және пара таеквондодан Өмірәлі Нышан.
Сонымен қатар, әлі де лицензия алуға 4 спорт түрінен үміткер 5 спортшымыз бар. Атап айтқанда, дзюдодан Елдос Сметов, Нұрқанат Серікбаев, пара жүзуден Зульфия Габидуллина, пара пауэрлифтингтен Ерболат Кәрібай және пара жеңіл атлетикаладан Салтанат Әбілқазымқызы. Аталған спортшылар халықаралық рейтингілік жарыстарға қатысып, қоржындарына ұпайларын жинақтауда. Алдағы уақытта, Халықаралық Олимпиада Комитеті тарапынан рейтинг бойынша жолдама алған спортшылардың тізімін жариялайтын болады. Қазіргі таңда, аталған спортшылардың дайындық деңгейлері еліміздің білікті мамандары, жеке және мемлекеттік жаттықтырушылардың бақылауында. Біз өз тарапымыздан барынша қолдау көрсетіп, қажетті дәрі – витаминдеріне, оқу-жаттығу жиындарына, жарыстарына қатысуын қамтамасыз етіп отырмыз.
Облыс спортшылары 2024 жылды жоғарғы спорттық нәтижелермен бастады.
Атап айтар болсақ, кураштан ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында 8 алтын, 2 күміс, 5 қола медаль, пара таеквондодан Қазақстан Республикасының чемпионатында 2 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль, армрестлингтен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында 5 алтын, 7 күміс, 6 қола медаль иеленіп, командалық есепте 2 орын, нысана көздеуден Қазақстан Республикасының командалық чемпионатында Жамбыл облысы 3 орын иеленді.
Астана қаласында өткен ересектер арасындағы грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан Республикасының чемпионатында еркін күрестен спортшыларымыз 2 алтын, 3 күміс, 1 қола медаль иеленіп, жалпы командалық есепте Жамбыл облысы қатарынан екінші жыл 1-ші орынды иеленді.
Алматы қаласында өткен үстел теннисінен ҚР чемпионатында Харки Искандер жекелей ойында 3-ші орын, жұптық ойында 1-ші орын иеленіп, Оңтүстік Кореяда өтетін Әлем чемпионатына жолдаманы жеңіп алды. Бұл жерде ерекше атап өтетін жайт, Харки Искандер Жамбыл облысы тарихында үстел теннисінен алғашқы Қазақстан Республикасы чемпионы.
Бокстан Болгарияда өткен Странджа кубогы халықаралық турнирында Дулат Бекбауов республиканың құрама командасы қоржынына жалғыз алтын жүлдені салды.
Сонымен қатар, Бішкек қаласында өткен еркін күрестен лицензиялық турнирде жерлесіміз Ерғали Әлішер Париж Олимпиадасына жолдаманы жеңіп алды.
Сондай-ақ, Бекзат Алмахан жекпе-жектен UFC промоушенмен келісім шартқа отырды.
Жоғарғы спорт жетістігіне жету үшін бұқаралық спорт саласында дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылардың санын арттыру басты мақсат болып табылады. 2024 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 493 мың адамға немесе облыс тұрғындарының 40,4%-ға жетті.
Облыста бұқаралық спортты дамыту мақсатында 280 нұсқаушы штаттық бірліктері енгізіліп, жұмыс атқаруда.