Жамбыл облысының Өңірлік комуникациялары қызметі - Ақпарат агенттігі

Байланыс

  • ato.uvp@mail.ru
  • +7 705 537 5268
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Виктор Орбан кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
ашық
Қазақстан Президенті мен Мажарстан Премьер-министрі екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев мажар тарапына арнайы шақыруы және көрсеткен сый-құрметі үшін ризашылығын білдіріп, қос халықтың тарихи және мәдени жақындығын атап өтті.

– Достас әрі бауырлас Мажарстанның астанасына келгеніме қуаныштымын. Бүгінгі сапарымның басты мақсаты – екі ел арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастыққа тың серпін беру, – деді Мемлекет басшысы.

Тараптар екіжақты ықпалдастықтың өзекті мәселелерін талқылап, бірқатар маңызды уағдаластыққа қол жеткізді. Атап айтқанда, Қазақстан – Мажарстан инвестициялық қорын құруға келісті. Келіссөз барысында сауда-экономика, энергетика, мұнай-газ, көлік, білім салаларындағы байланыстардың негізгі бағыттары талқыланды.

Өз кезегінде Виктор Орбан екіжақты қарым-қатынасты жандандырудың маңызды екенін атап өтіп, қол жеткізілген келісімдердің табысты жүзеге асатынына сенім білдірді.

 – Екі елдің тарихы ортақ және ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік мол. Бүгінгі келіссөздер халықтарымыздың мүдделері үшін өзара ықпалдастықты одан әрі дамытуға негіз болады, – деді Мажарстан Премьер-министрі.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Виктор Орбанды Астанаға сапармен келуге шақырды.

Келіссөз қорытындысы бойынша екі елдің стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайтуды және ортақ бастамаларды жүзеге асыруды көздейтін Бірлескен мәлімдеме қабылданды.

Сонымен қатар Қазақстан мен Мажарстанның ресми делегация мүшелері мынадай құжаттарға қол қойды:

1. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрлігі арасындағы консулдық мәселелері бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

2. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы мен Мажарстанның «National Capital Holding» ұлттық компаниясы арасындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім;

3. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Kazakh Invest» және «UBM Group» компаниялары арасындағы Қазақстанда құрама жем және премикс өндірісі жобасын іске асыру жөніндегі үшжақты негіздемелік келісім;

4. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы (Қазақстан), L.A.С Holding (Мажарстан) және Xi'an Free Trade Port Construction and Operation Co (Қытай) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

5. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен Мажарстанның «MOL GROUP» компаниясы арасындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы меморандум;

6. Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Мажарстанның Ұлттық банкі арасындағы банк саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум.

Zhambylokq
Автор

Zhambylokq

Жамбыл облысының Өңірлік комуникациялары қызметі - Ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар