Референдум-2026

Жамбыл облысының Өңірлік комуникациялары қызметі - Ақпарат агенттігі

Байланыс

  • ato.uvp@mail.ru
  • +7 705 537 5268
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА СОҢҒЫ ОН ЖЫЛДА ТУБЕРКУЛЕЗБЕН СЫРҚАТТАНУШЫЛЫҚ 1,9 ЕСЕГЕ ТӨМЕНДЕГЕН

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА СОҢҒЫ ОН ЖЫЛДА ТУБЕРКУЛЕЗБЕН СЫРҚАТТАНУШЫЛЫҚ 1,9 ЕСЕГЕ ТӨМЕНДЕГЕН
ашық
Жамбыл облысында туберкулезге қатысты эпидемиологиялық жағдай жыл сайын тұрақтанып келеді. Соңғы он жыл ішінде өңірде туберкулезбен сырқаттанушылық 1,9 есеге төмендесе, өлім-жітім көрсеткіші 3,6 есеге азайған. Бұл – медицина саласындағы жүйелі жұмыстар мен профилактикалық шаралардың нәтижесі.

Туберкулез – микобактериялардың адам ағзасына енуінен пайда болатын жұқпалы ауру. Аурудың негізгі көзі – туберкулезбен ауыратын науқас. Қоздырғыштар жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлегенде ауа арқылы таралады. Сонымен қатар, олар киімде, жарығы жеткіліксіз әрі желдетілмейтін бөлмелерде ұзақ уақыт сақталуы мүмкін. Алайда күн сәулесінің тікелей әсері микобактерияларды тез жояды.

Мамандардың айтуынша, туберкулездің алдын алуда ең маңыздысы – ауруды ерте анықтау, дер кезінде диагноз қою және науқастарды толық емдеу. Сонымен қатар жаңа туған нәрестелерге вакцинация жүргізу ерекше рөл атқарады. Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, БЦЖ вакцинасы нәрестелерге өмірінің алғашқы 2–4 күнінде салынады. Бұл екпе балаларды туберкулездің аса ауыр түрлерінен, соның ішінде туберкулезді менингиттен қорғайды.

Жамбыл облысында жыл сайын шамамен 20 мыңға жуық жаңа туған сәби туберкулезге қарсы егіледі. 2025 жылы 18 995 нәресте вакцина алған. Дегенмен, екпеден бас тартатын ата-аналар да кездеседі. Мәселен, өткен жылы 202 ата-ана балаларын вакцинациялаудан бас тартқан. Дәрігерлер мұндай шешімнің бала денсаулығына қауіп төндіретінін ескертеді.

Туберкулез көбіне өкпені зақымдайды, бірақ ми, сүйек, бүйрек, көз және лимфа бездеріне де әсер етуі мүмкін. Ауру кей жағдайда белгісіз өтеді. Дегенмен негізгі белгілеріне салмақ жоғалту, ұзаққа созылған жөтел, әлсіздік, тершеңдік, тәбеттің төмендеуі, кеуде ауыруы және дене қызуының көтерілуі жатады. Осындай белгілер байқалған жағдайда дереу дәрігерге қаралу қажет.

Аурудың алдын алу үшін балаларға Манту сынамасы жүргізіліп, ал 15 жастан асқан азаматтар флюорографиялық тексеруден тұрақты түрде өтіп тұруы тиіс. Сонымен қатар жеке гигиенаны сақтау, бөлмені жиі желдету, дұрыс тамақтану және иммунитетті нығайту маңызды.

Туберкулез – қауіпті болғанымен, дер кезінде анықталып, дұрыс емделсе толық жазылатын ауру. Сондықтан әрбір адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, профилактикалық тексерулерден уақтылы өтуі қажет.

Zhambylokq
Автор

Zhambylokq

Жамбыл облысының Өңірлік комуникациялары қызметі - Ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар