Жеңістің 80 жылдығы: Парадқа 4 мыңға жуық әскери қызметкер қатысады
- author Zhambylokq
- 10 сәуір, 2025
- 470

Парадтық есептоптардың негізін Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Құрлық әскерлері құрайды. Салтанатты шеруге Мемлекеттік күзет қызметінің, ІІМ Ұлттық ұланының, ҰҚК Шекара қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің есептоптары да қатысады.
– Шеруге қатысушыларды іріктеу кезінде бәріне бірдей дене дайындығы, денсаулық жағдайы, бойы бойынша қатаң талаптар қойылды. Барлық әскери қызметшілердің бойынша Қарулы күштерге деген мақтанышқа негізделген жоғары мотивация бар, – деді Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев.
Сондай-ақ журналистерге әскери қызметкерлер тұратын шатырлы қалашық, шаруашылық жабдықтау пунктері, далалық госпиталь көрсетілді.
Техникалық аймақта қонақтарға соғыс жылдарындағы техника мен заманауи жауынгерлік машиналарды парадқа дайындайтын мамандарды көруге де мүмкіндік берілді.
Іс-шара жауынгерлік техника легінің өтумен аяқталды. Олардың қатарында әйгілі Т-34 танктері және ЗИС-2 (калибрі 57 мм) зеңбіректері бар ЗИЛ-157, М-30 (калибрі 122 мм) гаубицалары бар ЗИЛ-157, есептоптарымен БМ-13 «Катюша» автомобильдері бар. Шерудің қазіргі бөлігінде еліміздің бас алаңы бойынша «Арлан», «Cobra» сауытты дөңгелекті машиналары, «Стрела-10», «ТОР» және «БУК» зениттік зымыран кешендері, БТР-82А, «Алмаз» және «Агат» мобильді кешендері, «TEODor» роботехникалық кешені, есептік-талдамалық станция кешені және қару-жарақ пен әскери техниканың басқа да жоғары технологиялық үлгілері жүріп өтеді.
Естеріңізге сала кетейік, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне арналған әскери шеру дәстүрлі түрде 7 мамырда Астанада өтеді. Оған 4000-нан астам әскери қызметші, 300-ден астам қару-жарақ пен әскери техника қатысады. Шерудің әуе бөлігін майдандық, армиялық және әскери-көліктік авиацияның 66 ұшу аппараты құрайды.