Жамбыл облысының Өңірлік комуникациялары қызметі - Ақпарат агенттігі

Байланыс

  • ato.uvp@mail.ru
  • +7 705 537 5268
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Жамбыл облысы қызғалдақтар отаны мәртебесін нығайтуда – халықаралық фестиваль басталды

Жамбыл облысы қызғалдақтар отаны мәртебесін нығайтуда – халықаралық фестиваль басталды
ашық
Жамбыл облысында «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі басталды. Фестивальдің бірінші күні Германия, Украина, Қырғызстан және Нидерланды елдерінің жетекші ғалымдарының басын қосқан ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға биоалуантүрлілік жөніндегі сарапшылар, ботаника, экология және жаратылыстану ғылымдарының мамандары, ҚР Ғылым академиясының ғалымдары, сондай-ақ ЮНЕСКО өкілдері қатысты.

Кездесуді Ш. Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков жүргізіп отырды.

 

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев өңірдің экономикалық өсуі үшін туризмді дамытудың маңыздылығын жеткізді.

 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңірлік туризмнің өсуі үшін жоғары деңгейдегі іс-шараларды өткізудің мәні зор екенін атап өтті. Қызғалдақ фестивалін осындай ауқымды оқиғалардың қатарына жатқызуға болады, – деді ол.

 

Алматы мен Қазақстан Республикасындағы ЮНЕСКО Өңірлік кеңсесі Жаратылыстану ғылымдары бөлімінің меңгерушісі Елена Осипова ғылымның туризмді дамытуға әсері тақырыбында сөз қозғады. Оның пікірінше, конференция ғылыми қауымдастықты, мұраны қорғау және биоалуантүрлілік саласындағы мамандарды біріктіретін алаңға айналады. 

 

Конференцияға қатысушылар өз баяндамаларында 300-ге жуық қызғалдақ сортының патшасы саналатын Грейг қызғалдағының тарихи отаны – Жамбыл облысының аумағында орналасқан Сырдария Қаратау жотасы, атап айтқанда Кіші Қаратау деп аталатынын айтты.

 

Спикерлер қызғалдақтарды сақтау мәселелеріне арналған жыл сайынғы ғылыми форумдардың маңыздылығына тоқталды. Мұндай іс-шаралар бірнеше бағытты біріктіретін алаң ретінде ерекше рөл атқарады – бұл табиғи-ландшафттарды, тарихи-мәдени мұра мен геомұраны сақтау.

 

Конференция қорытындысы бойынша қарар қабылданды. Қатысушылар Грейг, Кауфман және Регель қызғалдақтарын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік табиғи мұралар тізіміне енгізуді, кейіннен Кіші Қаратау аумағында Қазақстан қызғалдақтарының бірегей генетикалық қорын сақтау үшін геопарк ұйымдастыруды ұсынды.

 

Конференция қонақтары үшін облыстың көрікті жерлеріне экскурсиялық тур ұйымдастырылды.

 

Фестивальдің екінші күні Талас ауданының таулы аймағында орналасқан этноауыл аумағында концерт, ғылыми-танымдық экскурсиялар, спорттық және ойын-сауық шаралары өтеді. Сондай-ақ флористикалық композициялар көрмесі мен сән көрсетілімі жоспарланған. Қымызмұрындық рәсіміне қатысушылар қымыз дәмін татып, оны әзірлеу тәсілімен таныса алады. 

 

Облыстың 100 қолөнершісінің қатысуымен қызғалдақ гүлі өрнектелген үлкен киіз басылады. Ол қазақстандық рекордтар кітабына тіркеледі деп күтілуде.

Zhambylokq
Автор

Zhambylokq

Жамбыл облысының Өңірлік комуникациялары қызметі - Ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар