Жамбыл облысының Өңірлік комуникациялары қызметі - Ақпарат агенттігі

Байланыс

  • ato.uvp@mail.ru
  • +7 705 537 5268
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Қызғалдақ мұра халықаралық фестивалі

Қызғалдақ мұра халықаралық фестивалі
ашық
Жамбыл облысының әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы 2025 жылғы 2-3 мамырда өңірдің табиғи және туристік әлеуетін дамыту мақсатында «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалін ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл іс-шара Жамбыл облысын Грейг қызғалдағының отаны ретінде әлемдік қауымдастыққа танытуға және өңірдегі биоалуантүрлілікті сақтау стратегиясын жүзеге асыруға бағытталған.

Фестивальдің негізгі мақсаты – Жамбыл облысының экожүйесі мен мәдениетінде маңызды роль атқаратын жабайы қызғалдақтарды бірегей мұра ретінде сақтау және оларды қорғау мәселелерін талқылап, қоршаған ортаға жауапкершілікті күшейту жолдарын қарастырып, экологиялық сауаттылықты арттыру жолында маңызды шешімдер қабылдау.  

Фестивальдің бірінші күні ғылыми-практикалық конференция өткізіледі. Конференцияға әлемнің алдыңғы қатарлы ғалымдары, биоалуантүрлілікті зерттейтін эксперттер, ботаника, экология, жаратылыстану ғылымдарының мамандары, ҚР Ғылым академиясының ғалымдары, ЮНЕСКО өкілдері қатысады. Сонымен қатар, Германия, Украина, Қырғызстан, Ресей, Иран және Голландиядан келген шетелдік қонақтар қатысады деп күтілуде.

Конференция қонақтары үшін «Айша бибі» кесенесі – «Қазақ хандығы» монументі – «Қарахан» кесенесі – «Көне Тараз» археологиялық паркі – «Көне Тараз тарихи-этномәдени» кешені – «Тектұрмас этно-тарихи» кешені бойынша экскурсиялық тур ұйымдастырылады.

Фестивальдің екінші күні Талас ауданының Қаратау тауында фестивальдің ашылу салтанаты өтеді. Ашылу салтанатында 15 киіз үй, 6 алтыбақан, сахна, ұлттық спорт алаңдары және фудкорт қойылады.​

Фестиваль аясында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады:

1. Концерттік бағдарлама – фестивальға қатысушылар Жамбыл облыстық филармониясы әншілерінің өнерімен танысуға мүмкіндік алады.

2. Ғылыми-танымдық экскурсиялар – қатысушыларға облыстың негізгі туристік аймақтарын аралау мүмкіндігі беріледі.

3. «Әлемді шарлаған қызғалдақ» флористикалық композиция көрмесі мен сән көрсетілімі – флористикалық әртүрлілікті көрсету мақсатында арнайы инсталляциялар мен ботаникалық композициялар дайындалады және танымал дизайнерлердің сән топтамасы көрсетіледі.

4. Спорттық және ойын-сауық іс-шаралары – табиғат аясында белсенді демалысты насихаттайтын түрлі ұлттық ойындар мен жарыстар ұйымдастырылады (қазақша күрес, аударыспақ, қошқар көтеру, арқан тартысу, жілік шағу, желке тарту, асық ату, таз иттер жарысы, қол күресі).

5. «Қымызмұрындық» рәсімі – қатысушылар табиғи таза қымыздың дәмін татып, оның дайындалу әдістерімен танысады.

6. Қолөнер көрмесі мен сауда жәрмеңкесі – фестивальға қатысушылар облыс қолөнершілерінің қолөнер туындыларымен танысуға және оларды сатып алуға мүмкіндік алады.

7. Ең ұзын сырмақ жасау процесі – облыс 100 қолөнершілерінің қатысуымен көлемі 20х10 метрлік сырмақ жасалып, еліміздің ең үлкен қызғалдақ сырмағы ретінде Қазақстанның КИнЭС кітабына енгізу рәсімі өткізіліп, фестивальді ұйымдастырушы «Тараз-Туризм» туристік ақпараттық орталығына ресми түрде табысталады.

 Фестиваль өңірлік экономиканың дамуына, оның ішінде ішкі және халықаралық туризмді дамытуға айтарлықтай ықпал етеді.

Шараның өткізілуі:

  1. Жергілікті туристік инфрақұрылымды жетілдіруге;
  2. Кәсіпкерлік қызметті жандандыруға (қонақүйлер, мейрамханалар, гид қызметтері және т.б);
  3. Халықаралық мәдени және ғылыми байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.
Zhambylokq
Автор

Zhambylokq

Жамбыл облысының Өңірлік комуникациялары қызметі - Ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар