
2025 жылғы 15 мамыр күні Тараз қаласы білім бөлімінің басшысы Қожамжарова Раушан Пернешқызы 2024–2025 оқу жылын аяқтауға арналған брифинг өткізді. Іс-шарада білім беру ұйымдарындағы оқу жылының аяқталу барысы, қорытынды аттестаттау, ҰБТ және жазғы демалысты ұйымдастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.
2025 жылғы 25 мамыр — оқу жылының ресми аяқталу күні болып бекітілген. Алайда бұл күн демалысқа сәйкес келгендіктен, оқу жылын аяқтауға қатысты іс-шаралар 23–24 мамыр күндері өткізіледі.
Басты мәліметтер:
- Қаладағы 293 білім беру ұйымы бар.
- 78 мемлекеттік мектептерде 85 166 оқушы білім алады.
- 12 214 оқушы – 9 және 11 сынып бітірушілері.
- 23 мамырда 2–8 және 10 сыныптар үшін «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары өтеді.
- 24 мамырда 1, 9 және 11 сыныптар үшін «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты іс-шара ұйымдастырылады.
- 9,11 сыныпты аяқтайтын 12 214 оқушы (9 сынып – 8312, 11 сынып – 3902) 28 мамыр - 16 маусым аралығында қорытынды аттесттауға жіберіліп, емтихан тапсырады. 9 сынып оқушылары - 4 (ана тілі, математика, орыс тілі және 1 таңдау пәні), 11 сынып бітірушілері 5 пәннен (алгебра, ана тілі, Қазақстан тарихы, орыс тілі, таңдау пәні) мемлекеттік емтихан тапсырады.
Білім бөлімінің басшысы оқушылардың емтихан тапсыру, «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлерін анықтау процесі, ҰБТ тапсыру тәртібі, күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан мектептердегі ұйымдастыру жұмыстары туралы нақты деректермен бөлісті. Сонымен қатар, жазғы демалыс кезеңінде оқушылардың 70%-ы демалыс лагерьлерімен қамтылатыны атап өтілді.