Жамбыл облысының Өңірлік комуникациялары қызметі - Ақпарат агенттігі

Байланыс

  • ato.uvp@mail.ru
  • +7 705 537 5268
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Ғасыр белесі алдындағы өнер сапары: ұлттық театр Таразда

Ғасыр белесі алдындағы өнер сапары: ұлттық театр Таразда
ашық дерек
Сіздермен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Бүгін біз Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ғасырлық мерейтойына бастар жолындағы маңызды сапардың бір белесінде - Тараз қаласында бас қосып отырмыз.

2026 жылы қазақ өнерінің қара шаңырағы Мұхтар Әуезов театрының құрылғанына 100 жыл толады. Бұл - қазақ театр өнерінің ғана емес, бүкіл ұлттық руханиятымыздың үлкен белесі. Осы тарихи датаға дайындық кезеңінде біздің театр ғимараты толықтай күрделі жөндеуге жабылды. Бұл - Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен жүзеге асып жатқан үлкен мемлекеттік қолдаудың нақты көрінісі.

Ал театр ұжымы бұл мүмкіндікті шығармашылық серпіліске айналдырып, бүкіл Қазақстанды, жақын көршілерімізді аралап, гастрольдік сапарларға шығып жатырмыз. Осы уақытқа дейін біз Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қырғызстан мемлекеттерінде, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Жезқазған, Түркістан, Шымкент қалаларында болдық. Бүгінгі сапарымыз - рухани тарихы терең Тараз төрінде жалғасып отыр.

20-23 мамыр күндері аралығында Тараз қаласындағы Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық драма театрының сахнасында өзіміздің ең таңдаулы қойылымдарымызды ұсынамыз. Олар:

20 мамыр, сағат 19:00 – Үзеир Ғаджыбековтің «Аршын мал алан» мюзиклі (режиссері - Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов);

21 мамыр, сағат 19:00 – Александр Чеховтің «Сүйікті менің ағатайым» драмасы;

22 мамыр, сағат 18:30 – Дулат Исабековтің «Жүз жылдық махаббат» драмасы;

22 мамыр, сағат 21:00 – «Сезім хаттары» атты лиро-эстетикалық поэтикалық кеш;

23 мамыр, сағат 19:00 – Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат» драмасы.

Біз бұл репертуарды кездейсоқ таңдаған жоқпыз. Бұл қойылымдарда қазақ театрының көркемдік табиғаты, ұлттық болмысы мен қазіргі заманмен үндестігі тоғысып жатыр. Сонымен бірге әр спектакль – адамзаттық құндылықтар, махаббат, сенім, рух биігі жайлы сыр шертеді.

Осы гастроль аясында Тараз жұртшылығымен жақын байланыс орнатуды, шығармашылық ой-талқыға түсуді, жергілікті мәдениет өкілдерімен тәжірибе алмасуды көздеп отырмыз.

Біздің сапарымызға қолдау көрсетіп отырған Жамбыл облысының әкімдігіне, мәдениет басқармасына, Асқар Тоқпанов атындағы театр ұжымына, сондай-ақ бүгінгі баспасөз конференциясын ұйымдастырып отырған жергілікті БАҚ өкілдеріне алғыс айтамын.

Құрметті қауым, Мұхтар Әуезов атындағы театр - бұл өткеннің рухы мен келешектің үмітін жалғап тұрған алтын көпір. Сол көпірмен бірге жүріп келе жатқан барша көрерменге алғысымыз шексіз.

                     

Zhambylokq
Автор

Zhambylokq

Жамбыл облысының Өңірлік комуникациялары қызметі - Ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар