1 маусым – Балаларды қорғау күні: Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру
- author Zhambylokq
- 30 мамыр, 2025
- 3

Балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Осы мақсатта облыс көлемінде құқық қорғау, төтенше жағдайлар, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және полиция департаменттерімен бірлескен 2024-2026 жылдарға арналған ведомствоаралық іс-шаралар жоспары бекітілді. Сонымен қатар, жазғы сауықтыру науқанын үйлестіру үшін ведомствоаралық облыстық жұмыс штабы құрылды.
Ағымдағы жылы облыс бойынша 1-ден 10-сыныпқа дейінгі 217 757 оқушының 193 067-сін яғни 88,6 пайызын жазғы сауықтырумен және түрлі демалыс шараларымен қамту жоспарланып отыр. Бұл мақсатта қала сыртындағы лагерьлерге 7 669 бала, мектеп жанындағы тамақтанумен ұйымдастырылатын лагерьлерге 33 607 бала, мектептің демалыс алаңдарына 147 271 бала, киіз үй мен шатырлы лагерьлерге 3 505 бала, республикалық лагерьлерге 315 бала және ата-аналар мен кәсіподақ ұйымдары есебінен 700 бала қамтылатын болады.
Облыстағы 12 қала сыртындағы сауықтыру лагерьлерінің 7-еуі биылғы маусымда балаларды қабылдау бойынша дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аталған 7 лагерьдің бірі – жыл бойы жұмыс істейтін «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығы, ал қалған алтауы – маусымдық лагерьлер. Олар – мемлекеттік «Балауса», «Жұлдыз», «Жұрындысай» және жекеменшік «Болашақ», «Берікқара», «Тау самалы» лагерьлері. Бұл лагерьлерде көп балалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 7 669 бала сауықтырылады.
Аталған лагерьлердің ішінде «Болашақ» лагері 1 маусымда, «Мөлдір бұлақ» және «Тау самалы» лагерьлері 2-3 маусым аралығында, қалған «Балауса», «Жұлдыз», «Жұрындысай» және «Берікқара» лагерьлері 9 маусымда балаларды қабылдайды деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, облыстағы 407 мектеп жанындағы лагерьлер 2 маусымнан бастап өз жұмыстарын бастайды. Бұл лагерлерде әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасылардан шыққан 33 607 бала қамтылатын болады.
Биылғы жылы оқу озаттары мен түрлі жарыстардың жеңімпаздары қатарынан 793 бала «Қазақстан халқы» қорының демеушілігімен қала сыртындағы лагерьлерде демалады. Бұған қоса, 5-9 сынып аралығындағы республикалық және облыстық байқаулар мен жарыстардың 295 жеңімпазы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына, ал көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 20 бала Алматы қаласындағы «Бөбек» сауықтыру орталығына барады.
Жергілікті жерлердегі тарихи-мәдени орындарға 21 мыңнан астам баланың экскурсиямен қамтылуы жоспарланып отыр.
Жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты назардағы мәселе. Осы мақсатта «2025 жылғы суға шомылу кезеңінде қауіпсіздік шаралары туралы» ведомствоаралық жоспар бекітіліп, алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Лагерьлерде балалардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін төтенше жағдайлар департаменті тарапынан инструкторлар арнайы курстардан өткізілді. Сонымен қатар, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары лагерь басшылары мен медицина қызметкерлеріне арналған семинар-кеңестер ұйымдастырды.
Балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру мақсатында Оқу-ағарту министрлігі тарапынан дайындалған әдістемелік ұсынымдар мен жұмыс барысында пайдалануға арналған қадамдық алгоритмдер барлық білім беру мекемелеріне таратылды.
Жазғы каникул кезеңінде балалардың жан-жақты қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектептерде әр сынып бойынша ата-аналар жиналыстары өткізіліп, ата-аналар чаттарына «Балалардың терезеден құлауының алдын алу бойынша ата-аналарға арналған жадынама», «Өрт қауіпсіздігінің алдын алу», «Жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік ережелері», «Жолда жүру ережелері» және басқа да ескертпелерден құралған ақпараттық материалдар таратылды. Бұл бағыттағы жұмыстар ведомствоаралық комиссияның қатаң бақылауына алынды.
Осы баспасөз конференциясын пайдалана отырып, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өткізілген және жоспарланған шараларға тоқталсам.
«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында 22 мамыр мен 1 маусым аралығында барлық білім беру ұйымдарында арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, жүзеге асырылуда. Әрбір күн бала тәрбиесі мен құқықтарын қорғауға арналған мазмұнды тақырыптармен өтуде. Мәселен, 22 мамыр күні «Әкем – тірегім, анам – жүрегім» тақырыбымен түрлі сайыстар, интерактивті сабақтар, көрмелер мен шығармашылық жәрмеңкелер өтті. 23 мамырда «Полиция – балалардың қорғаны!» күні аясында мектепаралық турнирлер, кинологтармен кездесулер, ішкі істер органдары ардагерлерін тарта отырып кәсіби бағдарлау жұмыстары жүргізілді. 26 мамырда «Балалардың сенімді дәрігері» күні медицина қызметкерлерімен дәрістер мен танымал спортшылардың қатысуымен таңертеңгілік жаттығулар ұйымдастырылды. 27 мамырда «Балалар үні» күні аясында дөңгелек үстелдер, кітапханаларда ашық есік күндері, сондай-ақ «Министрге хат» акциясы аясында балалардың ел бас ұстазына жазған үздік 10 хаты іріктеліп, жолданды. 28 мамыр күні «Кибер Тұмар» атты ата-аналарға арналған ағартушылық акциялар өтті. 29 мамырда «Бала қауіпсіздігі – басты орында» күніне орай қауіпсіздік шараларына арналған спорттық эстафеталар, экскурсиялар мен оқу-жаттығу сабақтары ұйымдастырылды.
Ал 1 маусым күні Халықаралық балаларды қорғау күніне орай облыстың барлық білім беру ұйымдарында «Балдәурен балалық шақ!», «Барлығы балалар үшін!» атты мерекелік іс-шаралар, шығармашылық көрмелер мен спорттық жарыстар өтеді. Мектепке дейінгі ұйымдарда «Ертегілер еліне саяхат», «Балалық шақтың бал күні» мерекелік шаралары ұйымдастырылады. Сонымен қатар, облыс әкімінің қатысуымен «Зербұлақ» демалыс орнында 60 балаға арналған «Бақытты бала – бақытты ел» атты салтанатты іс-шара өтеді деп жоспарлануда.
Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру – тек білім беру жүйесінің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Жоғарыда айтып өткенімдей облысымызда балалардың демалысын тиімді өткізу, олардың денсаулығын нығайту, қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар қолға алынды. Бұл жұмыстар – облыстық әкімдіктің үйлестіруімен, білім беру, денсаулық сақтау, төтенше жағдайлар, құқық қорғау және басқа да мүдделі мекемелердің бірлескен іс-қимылы нәтижесінде жүзеге асырылуда.
Жаз мезгілі – балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, танымдық көкжиегін кеңейтуге, спортпен шұғылдануға және жаңа достар табуға мүмкіндік беретін ерекше кезең. Сондықтан да осы кезеңде оларға жайлы, қауіпсіз әрі қызықты орта қалыптастыру – басты міндетіміз.
Сонымен қатар, балалардың қауіпсіздігі мен амандығы ең алдымен ата-аналардың тікелей назарында болуы тиіс. Жазғы демалыс кезінде баланың қайда жүргенін бақылау, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, қауіпсіздік ережелерін үйрету – әр ата-ананың маңызды міндеті. Отбасы – баланың алғашқы тәрбие ошағы екенін ескере отырып, ата-аналар да өз тараптарынан жауапкершілікті сезінуі қажет.
Болашақ ұрпақтың дені сау, білімді әрі бақытты болып қалыптасуы үшін барлық тиісті шаралар жүйелі түрде атқарыла береді. Біз әр баланың балалық шағы жарқын, ал демалысы мазмұнды әрі қауіпсіз өтуі үшін бірлесе жұмыс жасаймыз.