Жамбыл облысының Өңірлік комуникациялары қызметі - Ақпарат агенттігі

Байланыс

  • ato.uvp@mail.ru
  • +7 705 537 5268
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Тараз қаласының 2025-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспары

Тараз қаласының 2025-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспары
ашық
Мемлекет басшысының бастамалары мен облыс әкімі Ербол Шырақбайұлының тапсырмасына сәйкес, Тараз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуын жүйелі түрде қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта қаламызда ауқымды жобалар жүзеге асырылып, нақты істер қолға алынуда.

 Биыл негізгі жаңалықтарымыздың бірі, өздеріңіз білетіндей қалада екі аудан яғни «Әулиеата» және «Жібек жолы» аудандары құрылды. Жер көлемі 13 мың гектарға ұлғайып, 31,8 мың гектарды құрады. (бұрынғы жер көлемі - 18,8 мың гектар) Халық саны 437 мыңнан 482 мыңға жетті.

    Аудандардың құрылуы қаланың аумақтық тұтастығын, бүкіл қаланы бақылауды, мемлекеттік қызметтерді, аумақтық жұмыстарды ұйымдастыру және төтенше жағдайлар кезінде құрылымдық күштерді жедел ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.

    Тараз қаласының 2023-2025 жылдарға арналған даму картасына сәйкес қалада өзекті болып отырған біраз мәселе өз шешімін табуда.

    Әсіресе көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру, көлік жолдарындағы жүктемені азайту бойынша облыс орталығында қажеттілік туындағаны рас. Осы мақсатта екі көпір құрылысын салу жоспарланды.

    Біріншісі Абай даңғылының  темір жол үсті арқылы өтетін жол өткелі мен  жаяу жүргіншілер өткелі бөлігінің құрылысын салу мақсатында мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке 16,9 млрд. теңгеге өтінім ұсынылды. Қазіргі таңда көпір құрылысын жүргізу үшін жол бойындағы жеке тұрғын үйлермен коммерциялық нысандарды мемлекет меншігіне қайтару үшін 1,8 млрд. теңге және нысандарды сүру жұмыстарына 285,04 млн. теңге қаржы қарастырылып, жұмыстар басталды.

    Мемлекет мұқтажы үшін қайтаруға қажетті жер учаскелерінің көлемдері нақтыланып, барлығы 61 нысан (оның ішінде 42 жеке тұрғын үй, 16 кәсіпкерлік нысан және 2 мемлекеттік жер пайдаланушы және 1 газ тарату торабы) мемлекет қажеттілігі үшін иеліктен шығаруға жататыны анықталды.

    Меншік иелеріне ұсыныстар жолданып 42 меншік иесі келісім берді, мәслихат отырысында келісілді. Келіспеген 11 меншік иесінің құжаттары соттың қарауына жолданды. 3 жер теліміне қатысты мемлекетке қайтару туралы қаулыға өзгерістер енгізіліп, қайта бағалауға жолданды.

    Сонымен қатар, 2 жер учаскелерінің иелері мүліктерін мұрагерлікке қабылданғаннан кейін, тиісті жұмыстар жүргізіледі.

 

    Екіншісі Абай даңғылының Сыпатай батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейін Тараз қаласындағы темір жол және өнеркәсіптік аймақ арқылы эстакада салу жобасы. Қазіргі таңда мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Жобаның құны – 23,04 млрд теңге. Аталған эстакада салынған жағдайда жерүсті көпіріндегі (Горбатый мост) үлкен көлік кептелісі едәуір азайып, қаланың шығыстан кіреберіс жолына және 14 мөлтек ауданына тікелей қатынауға мүмкіндік туады.

 

Тараз қаласында кәріз суларды тазарту

         Кәріз сулары бүгінде көршілес Жамбыл ауданында орналасқан 217 гектар аумақтағы сүзгі алаңдарына құюлуда. Сүзгі алаңдары шамадан артық толғандықтан, Аса өзені мен  жер асты суларының ластану қаупі бар. Сондықтан, Тараз қаласының кәріз суларын тазарту кешенінің құрылысын салу бойынша Жол картасы әзірленді. Жол картасына сәйкес, Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінен грант бөлініп, техника-экономикалық негіздеме әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Құны 47,0 млрд. теңге, қуаттылығы тәулігіне 80 мың текше метр болады деп болжануда.

    Жобаны қаржыландыру «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ және оның еншілес ұйымдары арқылы мемлекеттік бағалы қағаздарды және ұлттық даму құралдарын шығару тетіктерін пайдалана отырып жүзеге асыру жоспарлануда.

 

 

Тұрғын үй құрылысы бойынша

    Қазіргі таңда 22 мыңнан аса азамат пәтер алу кезегіне тіркелген. Бұл әрине қоғамдағы өзекті тақырып. Сондықтан баспана мәселесін шешу үшін де шаһарымызда атқарылып жатқан ауқымды құрылыс жұмыстары  бар.

    Мәселен, 2024 жылы «Сәулет» (16) мөлтек ауданында 16 көпқабатты тұрғын үйлердің 12-і пайдалануға қабылданды. Ал қалған 4 үйдің құрылысы биылға өтпелі.

    «Ұлы дала» (15) мөлтек ауданында 34 көпқабатты тұрғын үйдің 12 үйі пайдалануға берілсе, қалған 22 үйдің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатса, «Әулиеата» (14) мөлтек ауданында 22 көпқабатты тұрғын үй салынуда.

    Сондай-ақ, Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқапқа қосымша 66 тұрғын үйдің жобалау сметалық құжаттамалары әзірленіп, сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Оның 30-ын биыл бастауды жоспарлап отырмыз.

    Одан бөлек, «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде 2024 жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 9,9 млрд. теңгеге 669 пәтер сатып алынды. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен 2,1 млрд. теңгеге 162 пәтер сатып алынса, 2025 жылы әлеуметтік осал топтары үшін 140 пәтер сатып алуға республикалық бюджеттен 1,9 млрд. теңге қарастырылды.

    Жер кезегіне 2005 - 2025 жылдар аралығында 130 479 азамат тіркелген. Кезекте тұрған азаматтарды жер телімімен қамтамасыз ету мақсатында Асқаров көшесінің соңы 312 га, «Хамукат» 126 га және «Қарасай» 126,6 га алқаптарынан жалпы көлемі 564,6 га болатын 3 алқапты мемлекет қажеттілігі үшін алып, инфрақұрылым жүргізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. 16 шаруа қожалығынан жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Қазіргі уақытта жеке тұрғын үй құрылысына жер кезегінде тұрған азаматтарға жер учаскесін беру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде.

 

Көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеу

    Тараз қаласының тұрғын үй қорында 1438 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде 151 барак типтес үйлер және 1287 екі қабатты және одан жоғары үйлер. Қала аумағында өзекті мәселелерге жататын 1103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан. Оның 553-і күрделі жөндеуден өтсе, қалған 550 үй жөндеуді қажет етеді.

    Өткен жылы 5,1 млрд теңгеге 53 көппәтерлі тұрғын үйлер жөндеуден өтті. Қайтарым қаражат есебінен 870,0 млн. теңгеге 10 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал ағымдағы жылы 73 үйді күрделі жөндеу үшін 7,8 млрд. теңгеге бюджеттік өтінім Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетіне ұсынылды.

    Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қаланың орталық көшелеріндегі тұрғын үйлердің бірыңғай сәулеттік келбетін жаңарту жобасы бойынша өткен жылы Төле би даңғылының бойындағы 12 үйдің сырт келбеті мен шатыры жөнделді. Ал, биыл Абай даңғылы, Әйтеке би, Қазыбек би көшелеріндегі 16 үйдің сәулеттік келбеті жаңартылып, қала көркін аша түседі. Қазіргі таңда үйлердің жөндеу жұмыстары басталды.

 

Білім саласы бойынша

    2024 жылы «Казарма» алқабындағы 180 орынды, «Арай» алқабындағы 600 орынды, «Бәйтерек» мөлтек ауданындағы 1200 орынды және «Ұлы дала» мөлтек ауданындағы 1200 орынды жайлы мектептер пайдалануға берілді.

    Биылғы жылы «Ұлы дала» мөлтек ауданындағы 2000 орынды жайлы мектеп пайдалануға берілді. Ал, «Шөлдала» тұрғын алқабындағы 600 орынды жайлы мектептің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, №15, №7 мектеп-гимназияларына 300 орынды және №27 орта мектепке 600 орынды жапсарлас ғимараттарының құрылысы басталды.

    Бұдан бөлек, 5 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланып, №1, №45 гимназияларда және №25 орта мектепте жөндеу жұмыстары басталса, №13 және №54 орта мектептерде жөндеу жұмыстары жоспарлануда. Тағы 7 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары қарастырылған.

 

Жылу желілерін жаңғырту жұмыстары

    Қазақта «қыс азығын жаз ойла» деген жақсы сөз бар. Жылыту маусымы аяқталғанда, жылу желілерін жаңғырту жұмыстарын бірден қолға алатынымыз да ертеңгі күннің қамы. Жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша былтыр Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелерінің бойындағы М-1 жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 4 602 метр жылу құбырлары ауыстырылды.

    Биыл Төле би даңғылының Жамбыл даңғылынан бастап Қ.Тұрысов көшесіне дейінгі бөлігі аяқталып, қазір Қ.Тұрысов көшесінде құрылыс жүруде. Жамбыл даңғылы Төлеби көшесі мен Қазыбек би көшесінің аралығындағы М-3 жылу магистралын қайта жаңғырту жұмыстары қазіргі таңда басталды. Жалпы 1 536 метр жылу құбырларын ауыстыру жоспарланған.

    Сонымен қатар, «Ұлы дала» мөлтек ауданындағы магистралдық және ішкі кварталдық жылумен жабдықтаудың инженерлік желілерін кеңейту жұмыстары аяқталуға жақын.

    Жалпы қаладағы жылу желілерін қайта жаңғыртудан өткізу бойынша құны 27,3 млрд. теңгені құрайтын 11 жоба республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Осы жобалар іске асырылған жағдайда жылу желілерінің тозу деңгейі 67,8 пайыздан 51 пайызға дейін төмендейді.

 

Ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша

    Тараз қаласын 100% орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Шалғай Қарасу алқаптарына ауыз су желісінің құрылысы жүргізілуде.

    2024 жылы қала аумағында 9,8 шақырым 10 көшенің ауыз су құбырлары жергілікті бюджет тарапынан жаңартылған болатын. Қала  тұрғындарын сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында жаңадан бұрғыланатын 35 дана су ұңғымасының құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды.

    Сондай ақ, магистралды су құбырларының тозығы жетуіне байланысты, Айшабибі көшесінен Сүлейменов көшесіне дейінгі, «Төрткөл» алқабы және Бас су мұнарасынан ТЭО-4-ке дейінгі магистралды су құбырларын жаңғыртуға және Абай даңғылы, Қойгелді, Асқаров, Көшек батыр, Желтоқсан және Ниетқалиев көшелеріндегі магистралды су құбырларын қайта жаңғырту бойынша сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім берілді.

    Тараз қаласындағы «Алматы - теміржол су» мекемесінен қабылданған Тынышбаев, Пірманов, Локомотив және Шаумян көшелерімен Песочный алқабындағы су құбыры желілерімен ұңғымаларын қайта жаңғырту бойынша сараптама қорытындысы алынып өтінім ұсынылды. Сонымен қатар, «Сәулет» (16) мөлтек ауданын ауыз сумен қамтамасыз етудің 2-ші кезеңі аяқталып, қабылдау жұмыстары жүргізілуде.

    Тараз қаласы аумағында Шөлдала, Құмшағал, Көлтоған, Қызыл-Абад, Жиделі, Қарасай және Тектұрмас тұрғын алқаптарында «Ақылды қала» жобасын ауыз су саласында дамыту үшін, су ресурстарын есепке алудың автоматтандырылған жүйесін қолжетімділікті ұйымдастыру жұмыстары жүзеге асырылады. Бұл тұтынушылардың су есептегіштерінен деректерді тікелей «Жамбыл су» МКК-на жолдауды қамтамасыз етеді.

Мүлдем ауыз су желісі жүргізілмеген Новоджамбулец, Дорожник және Талас елді-мекендерін орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамаға ұсынылып, оң қорытынды алынды.

 

Көшелердi жарықтандыру жұмыстары

    Жалпы, қала тұрғындарымен кездесу барысында көп қойылатын сауалдардың бірі көше жарығы. Осы мақсатта былтыр 76 көшеге түнгі жарық шамдары орнатылды.

    2025 жылы 85 көшеге түнгі жарық шамдарын орнату жоспарланған. Оның ішінде 30 көшенің жұмыстары биыл аяқталса, 55 көшенің жұмыстары 2026 жылға өтпелі.  

    2024 жылы қалалық бюджеттен 368 млн. теңге бөлініп, 10 шағын аудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 353 көпқабатты тұрғын үй аулалары, 79 кіреберіс жолдар және 44 359 тұрғын түнгі жарықпен қамтамасыз етілді.

    Бұдан бөлек Сейфулин көшесінің бойына (Қонаева көшесінен Саңырақ батыр көшесі аралығы) және Жамбыл даңғылына (Сәтпаев көшесінен Сыпатай батыр көшесі аралығы) жаяу жүргіншілер жолына түнгі жарық шамдары орналастырылып, іске қосылды.

    Биыл қаладағы негізгі көшелерде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын жарықтандыру жұмыстары басталды. Атап айтсақ: Жамбыл, Гамелей, Койбақов, Сәтпаев, Асқаров, Төле би, Көшеней, Сыпатай батыр, Менделеев, Көшек батыр, Абай, Дүрінбетова, Қазбек би, Әйтеке би, Жүнісалиева, Қонаева, Байзақ батыр, Желтоқсан, Рахимов, Рысбек батыр, Сулейменов, Байтерек мөлтек ауданы, Қант зауыты, Темір жолдың арғы беті және Солнечный алқабындағы тұрғын үйлер. 

    Сонымен қатар, Сейфулин көшесінің Саңырақ батыр мен Қонаев көшесі аралығының бір жақ бетіне түнгі жарық шамдары қойылып пайдалануға берілді.

Былтырдан бері қала маңындағы саяжай алқаптарын электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында жоба құны 8,7 млрд. теңге болатын жоғары вольтты желілер мен қосалқы станциялар құрылысы басталды.

 

Жол жөндеу жұмыстары

    «Жол - экономика күретамары» деп бекер айтылмаған. Жалпы қалада 1 715 көше жолдары бар (1 043 көше, 3 даңғыл, 512 бұрылыс, 84 тұйық, 73 өткел), оның ішінде асфальт көшелер саны – 1 122 (65,4 %), шағал тас жолдар саны – 593 (34,6 %). Жолдардың жалпы ұзындығы – 2 214,5 шақырым, оның ішінде асфальт жол – 1 473,0  шақырым (66,5 %), шағал жол – 741,5 шақырым (33,5 %).

    Өткен жылы 95,3 шақырымды құрайтын 127 көше орташа жөндеуден өтті.

    Биыл 61,4 шақырымды құрайтын 95 көше, бұрылыс, тұйық және өткел жолдары орташа жөндеуден өтеді. Одан бөлек ұзындығы 34,6 шақырымды құрайтын 20 саяжайдағы 100 көшеге шағал төселеді. Сонымен қатар, ұзындығы 35,3 шақырым болатын 12 жаяу жүргінші жолдары салынса, Рысбек батыр, Қойгелді және Асқаров көшелерінде  қайта жаңғырту жұмыстары басталды.

    Көптен бері өзекті мәселе болып келген «Бурыл А,Б,В» және «Барысхан» тұрғын алқабтарында да жол жөндеу жұмыстары жүруде. "Бурыл А, Б, В" алқабындағы 75 көшенің 64 көшесін асфальттау жұмыстары толық аяқталды. Қалған 11 көшені жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

    «Барысхан» тұрғын алқабына 24 көшеге асфальт жабындысын төсеу қарастырылған. 2024 жылы 9 көшенің асфальт жол жабындысы толық төселді. Жалпы бұл жұмыстарды 2025 жылы аяқтау жоспарда тұр. Соныменқатар, «Ұлы Дала» (15) шағын ауданынан Асқаров көшесіне «Қапал» каналының үстінен автомобиль көпірі құрылысы жүргізілуде. 

    Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 65 пайыздан 72,5 пайызға дейін артатын болады.

 

Аулаларды абаттандыру бойынша

    Өткен жылы аулаларды абаттандыру, оның ішінде, балалар ойын алаңшасын салуға қала бюджетінен 500 млн. теңге қаражат бөлініп, 24 аула абаттандырылды және 225 млн. теңгеге 9 кіші-футбол алаңшасы салынып, 4 футбол алаңшасы күрделі жөндеуден өтті.

Ал ағымдағы жылы 768,7 млн. теңгеге 25 мекенжайда абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, 505,5 млн. теңгеге 11 кіші-футбол алаңшасы салынып, 10 кіші футбол алаңы күрделі жөндеуден өтуде. Одан бөлек ағымдағы жылы «Ұлы дала» (15) мөлтек ауданында спорт кешенінің құрылысы басталды.

 

Қоғамдық көлік саласы бойынша

    Тараз қаласында қалалық жолаушы бағытында 9 тасымалдаушы мекеме қызмет көрсетеді. 2024 жылы 155 қоғамдық көлік жеткізілсе, биыл жыл басынан бері 15 автобус жеткізілді. Жыл соңына дейін қосымша 82 автобус жеткізу жоспарлануда.

    Қоғамдық көлік саны 330 бірлік автобустан 437 бірлік автобусқа дейін артты. Жолаушылар бағыттарына қосымша 11 бағыт қосылып, қазіргі уақытта 43 бағытқа жетті.

    Әлеуметтік маңызы бар қалалық және қала маңындағы жолаушылар қатынастары тізбесіне енгізілген автобус бағыттарының шығындарын өтеуге 5,2 млрд. теңге субсидия қаралып отыр. Сондай ақ, биыл 75 аялдама орнатылып, тағы 5 жаңа маршрут ашу жоспарымызда бар. Яғни, Байзақ және Жамбыл ауданынан қосылған елді мекендердің мәселесі шешімін табады.

 

Қаланы көгалдандыру және ирригация бойынша

    «Бір тал кессең, он тал ек» деген мақалда үлкен мағына жатыр деп айтуымызға болады. Сондықтан, қаламыздың әр жасыл желегі мен тал-дарақтарын күтіп ұстау тұрғындар үшін де маңызды болуы тиіс. Қаланы көгалдандыру және жасыл аймақ құрудың жоспарына сәйкес «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2024 жылы 20 га жерге 20 мың тал көшеттері отырғызылды.

    Бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, 2025 жылдың көктем айларында 10 мың түп ағаш отырғызылды, күз айларында тағыда 10 мың түп ағаш отырғызу жоспарымызда бар. Бұдан бөлек, қаланың орталық көшелеріне, саябақтарға, және басқа да алеялар мен скверлерге жалпы саны 5 мың әртүрлі ағаш отырғызу жоспарланып, бүгінде 4 мыңы егілді, қалған 1 мың ағаш күз айларында отырғызылады.  

    Қаланы абаттандырудағы маңызды салалардың бірі – көгалдандыру, оның ішінде жасыл желектерді суару мәселесі.

    Бүгінде қаланың қан тамыры – арық жүйелерінің тозығы жеткен. Осы орайда, жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. 2023-2025 жылдары осы мақсатқа қала бюджетінен 1,4 млрд. теңге қаражат қарастырылып, шағын аудандарда 40,3 шақырым ескі лотоктар жаңғыртылды.

    Ал биылғы жылға 17 шақырым арық жүйесін жаңартуға бюджеттен 600,0 млн. теңге бөлінген. Қазір қаладағы Желтоқсан, Қазыбек би, Төле би, Байзақ батыр, сүлейменов көшелері және «Қаратау», «Жайлау», «Аса», «Жансая» мөлтек аудандарымен «Химпоселок» аумағында құрылыс жұмыстары жүруде.

    «Халықтың қатысуымен абаттандыру» жобасы аясында 15-ші мөлтек ауданы жанындағы «Түйте» каналының 1,7 шақырымына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, халық игілігіне пайдалануға берілді.

    Алдағы уақытта облыс әкімінің қолдауымен «Үшбұлақ» және «Қарасу-2» каналдары да жаңғыртылатын болады. «Үшбұлақ» су арнасының бірінші кезеңде 1,2 шақырымы ал «Қарасу» каналының 1,275 шақырымы абаттандырылады. Жобада каналдардың жағалауын саябақ ретінде көгалдандыру, воркаут, спорт алаңшалары және зейнеткерлерге арналған демалыс аумағы қарастырылған.

    Сондай-ақ, Гидрокешен саябағын абаттандыру жұмыстары жоспарланып отыр. Қазіргі таңда «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетімен» келіссөздер жүргізілуде.

    2024 жылы қала аумағындағы 6 ирригациялық және 2 дренаж каналын механикалық тазалауға қала бюджетінен 250 млн. теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілді. Ал, ағымдағы жылы «Сеңкібай» каналын механикалық тазалау жұмыстарына 44,1 млн. теңге қаржы бөлініп жұмыстар басталды.

 

Жұмыспен қамту шаралары

    Қала бойынша есепті кезеңде жұмыссыздық деңгейі
4,9 пайызды құрап, өткен жылдың деңгейінде қалыптасып отыр.

    Ең төменгі күн көріс деңгейі 49 716 теңгені құрап, былтырғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 11,8 пайызға өсті. Қалалық өңірлік жұмыспен қамту картасы дайындалып, 2025 жылы 22 243 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланса, бүгінгі күнге нақты саны  5 522 жұмыс орындары ашылды және 404,1 млн. теңгеге 3 049 отбасына әлеуметтік көмек көрсетілді.

    Әлеуметтік нысандарды жаңарту мақсатында «Қаратау» мөлтек ауданы 39 А мекен-жайындағы отбасын қолдау орталығын күрделі жөндеу, Асқаров көшесі 277 Б мекен-жайынан өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтарды қайта әлеуметтендірілуге арналған орталықтың жаңа ғимаратын салу жоспарлануда. Сондай-ақ, демеушілер есебінен «Төле би» даңғылы 49/1 мекен-жайында бос тұрған ғимаратты «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының ғимараты ретінде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

 

Мәдениет саласы бойынша

    Туризмді дамыту мақсатында «Тектұрмас» кешенінде «Көне қамал» қорғанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бүгінде қамалда аптаның әр жұмасында түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырлуда. Қазіргі таңда «Құмшағал» тұрғын алқабында 140 орынға арналған мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда.

    Сондай-ақ, Тараз қаласына қосылған елді-мекендердегі тозығы жеткен мәдениет нысандарын жөндеуді жоспарлап отырмыз. Атап айтсақ, «Бектөбе»,  «Шайқорық» алқаптарындағы мәдениет үйлерін ағымды жөндеу және «Қоңыртөбе», «Сулутөр», «Шайқорық» алқаптарындағы кітапхана ғимараттарын ағымды жөндеу жоспарымызда бар.

    «Таза қазақстан» экологиялық акциясы аясында атқарылған жұмыстар

    Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері. Бүгінде өзекті мәселелердің бірі тазалық жұмыстары екені жасырын емес. Осы бағытта атқарылған жұмыстарға тоқтала кетсем. Өздеріңіз білетіндей «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жыл басынан бері Тараз қаласы бойынша 2 айлық сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шара барысында кәсіпорындар мен мекемелерге және барлық бизнес өкілдеріне тазалайтын орындары бектіліп, 29 000 адам қатысты. Жоспарланған 15 шақырым арық жүйесі, 230 шақырымдай қала көшелері және 400 мың шаршы метрге жуық саябақтар тазаланды. Аталған екі ай көлемінде қаладан 1500 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

Zhambylokq
Автор

Zhambylokq

Жамбыл облысының Өңірлік комуникациялары қызметі - Ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар