Әулиеатада өндірістік серпіліс: 1,5 трлн теңгелік 20 жаңа жоба іске қосылды
- author Zhambylokq
- 24 шілде, 2025
- 676

Инвестиция көлемі – 47% өсім
Әлеуметтік желідегі жазбасында Әбілхайыр Тамабек 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Жамбыл облысына тартылған инвестиция көлемінің 47 пайызға артқанын айтып, бұл көрсеткіш бойынша облыс республика көлемінде алғашқы үштіктен көрінгенін атап өтті.
«Шыны керек, инвестиция тарту – өте қиын әрі нәзік дүние. Инвестордың көңілін дөп баспасаң, сонша уақыт келіссөзден нәтиже шықпауы мүмкін. Ал біз бір жылдың ішінде жалпы құны 1,5 триллион теңгеден асатын 20 жаңа зауыт пен цехтың құрылысын бастадық», – деді облыс әкімінің орынбасары.Қазір жалпы құны 4 трлн теңгеге жуық 80-нен астам жоба жүзеге асырылып жатыр.
Индустриалды аймақтар мен инфрақұрылым мәселесі
Постта көрсетілгендей, бұрын тек атауы ғана болған Тараз индустриалды аймағы бүгінде газ, су, электр, кәріз жүйесі және жолмен толық қамтылып, нақты өндіріс алаңына айналуда. Аймақ аумағында есік шығаратын цех, шыны зауыты, жаңбырлатып суару құрылғыларын шығаратын зауыттар іске қосылмақ. Сонымен қатар, электр құрылғылары мен трактор құрастыру, темір бұйымдарын өндіру бойынша жобалар пысықталуда. Талас, Сарысу-1, Сарысу-2, Меркі, Құлан сияқты 5 субаймақ құрылып, инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Химпарк Тараз» – енді «Jibek Joly»
10 жыл бойы қимылсыз жатқан Арнайы экономикалық аймақта (АЭА) бүгінде нақты жұмыс басталды. 10 зауыттың құрылысы қолға алынып, оның ішінде жел электр станциясы құрылғылары, өндірістік кремний, жүгеріні терең өңдейтін зауыт, натрий цианиді және желатин өндірісі секілді жобалар бар. АЭА атауы «Jibek Joly» болып өзгертіліп, аумағы 805 гектарға дейін кеңейтілді.
Созылған жобалар жанданды
2009 жылдан бері созылып келе жатқан «Еврохим» және 2018 жылғы «QazaqSoda» жобаларына серпін беріліп, құрылыс қарқыны артқан. Биыл «Еврохим» 800 мың тонналық күкірт қышқылы зауытын, ал «QazaqSoda» келесі жылы еліміздегі алғашқы кальцилендірілген сода зауытын іске қоспақ.
Фосфогипсті өңдеу – тарихи қадам
Облыс орталығындағы күрделі экологиялық мәселе – фосфогипс үйінділерін жою мақсатында Қазфосфат пен Қытайлық серіктестер бірлесіп, фосфогипсті өңдеп, құрылыс материалдарын шығару жобасын бастады.
«Негізгі мақсат – өнім өндіру емес, қаланы үйіндіден тазарту», – деп жазды Әбілхайыр Тамабек.
Ауыл шаруашылығындағы ірі жобалар
Шаруалардың өнім өткізу, сақтау мәселесін шешу үшін бірнеше ауқымды жоба жүзеге асырылуда:
• Байзақ ауданында қуаттылығы 1 млн тонналық жаңа қант зауыты салынады. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы жаңа қант зауыты болмақ.
• Жүгеріні терең өңдейтін зауыт биыл іске қосылып, еліміздің барлық өңірінен өнім қабылдауға дайын.
• 75 мың тонналық тауық сою цехы қараша айында ашылады. Бұл – елдегі ең ірі жобалардың бірі.
• 50 мың тоннадан астам өнімге арналған көкөніс қоймалары салынып жатыр.
• Бұрын жалғыз болған сүт фермаларының саны 4-ке жетіп, бәрі жыл соңына дейін іске қосылады.
Туризм – жастарды сақтап қалудың бір жолы
Жастардың жаппай облыстан кетуін тоқтату үшін тек жұмыс емес, демалыс инфрақұрылымын дамыту да қолға алынды.
• Алмалы, Таскөл, Көксай демалыс орындарына жол салынды, газ тарту жұмыстары жоспарланып отыр.
• TARY визит орталығының құрылысы басталады.
• Әлемдік деңгейдегі Hilton қонақ үйінің құрылысы жүріп жатыр.
«Жастардың облыстан кетуі – үлкен трагедия. Оларға жұмыс та, демалыс та қажет», – деді әкім орынбасары.
«Ниет – пиар емес, елге пайдасы тиетін жобалар жасау. Қызыл сөз емес, іс қалдыру – басты мұрат», – деп түйіндеді Әбілхайыр Тамабек өз жазбасында.