ЖЫЛЫНА 70 МИЛЛИОН ЖҰМЫРТҚА ӨНДІРЕТІН ФАБРИКА ТОЛЫҚ ҚУАТТА ЖҰМЫС ІСТЕУДЕ
- author Zhambylokq
- 24 шілде, 2025
- 554

Кәсіпорынның жалпы құны – 917 млн теңге. 2017-2019 жылдары аудан экономикасына 250 млн теңгеден астам инвестиция тартылған. Жоба жеке қаражат пен банктік несиелер есебінен қаржыландырылды.
Фабрика бір мезетте 250 мың тауық пен 270 мың балапан өсіруге қауқарлы. Жыл сайын 70 миллион дана жұмыртқа өндіреді. Қазіргі таңда мұнда 35 адам тұрақты жұмыс істейді. Орташа жалақы – 150 мың теңге. Бір дана жұмыртқа 35-40 теңгеден саудаланады.
Кәсіпорын толық автоматтандырылған. Құрылғылар Испанияның «ZUCAMI» және Голландияның «MOBA» компанияларынан алынған. Күніне 110-120 мың дана жұмыртқа өндіріледі. Өнім негізінен Жамбыл облысы мен еліміздің ішкі нарығына жеткізіледі.
Фабрика газ, жарық және сумен толық қамтамасыз етілген. Мемлекеттік қолдау аясында 8,5 гектар жер телімі беріліп, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 620 млн теңге несие ұсынылған. Сондай-ақ, фабрика мен ауылды байланыстыратын 3,5 шақырымдық жол салынды.
«AY KUS» – ауылдық аймақтағы табысты жоба. Бұл фабрика өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосып, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс көзін ұсынып отыр.