«Ауыл аманаты» аясында Жамбылда 5,1 млрд теңгеге 711 жоба қаржыландырылды
- author Zhambylokq
- 27 шілде, 2025
- 503

Несиеге ие болған жобалардың ішінде 240-ы мал шаруашылығын дамытуға бағытталса, 33 жоба жылыжай кешендерін салуға жұмсалды. Ал қалған 438 жоба ауыл тұрғындарының түрлі бизнес бастамаларын жүзеге асыруға қолдау ретінде берілді.
Бағдарламаның тиімділігі нақты мысалдармен дәлелденіп отыр. Мәселен, Т. Рысқұлов ауданы, Құлан ауылының тұрғыны Марат Алғашбек 9,2 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, газ блоктарын өндіретін цех ашты. Кәсіпорын бірнеше жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде ол өндіріс аясын кеңейтіп, пластик терезе мен есік шығару ісін де қолға алған. Оның айтуынша, бұл тауарларға ауыл ішінде сұраныс жоғары.
Т. Рысқұлов ауданында бағдарлама бес ауылдық округте іске асырылуда. Аудан бойынша бүгінде 847 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 863 тұрғын жұмыспен қамтылған.
2025 жылға арналған жоспар бойынша бағдарламаға қосымша 5 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл қаржы 25 ауыл шаруашылығы кооперативі мен 450 жеке кәсіпкерге қолдау көрсетуге бағытталып, 525 жаңа жұмыс орны құрылмақ.
2019–2023 жылдар аралығында бағдарлама аясында жалпы 42,2 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат есебінен 62 ауылдық округтің тұрғындары қамтылып, 8 028 азамат жеңілдетілген несие алған. Соның нәтижесінде 37 044 жұмыс орны ашылып, оның 22 838-і тұрақты қызметке айналды.
Бағдарлама әлеуметтік салада да оң өзгеріс берді. Егер 2020 жылғы 1 шілдеде Жамбыл облысында 36 259 адам атаулы әлеуметтік көмек алса, 2025 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша бұл көрсеткіш 18 435 адамға дейін төмендеген. Осылайша, бағдарлама іске асқалы бері АӘК алушылар саны екі есеге жуық азайып отыр.
Ұқсас жаңалықтар
Респонденттердің 79,4%-ы ел дұрыс бағытта дамып келеді деп санайды
- авторZhambylokq
- 31 шілде, 2025