Цифрлық технологиялар – отбасыларды қолдаудың тиімді жолы
- author Zhambylokq
- 11 тамыз, 2025
- 401

Қазіргі таңда елімізде 234 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтардың қызметін жетілдіру, ақпарат алмасуды жеделдету және көмекті уақытылы әрі дәл көрсету мақсатында «FSM Social» атты цифрлық қосымша іске қосылды. Бұл жүйе отбасылардың әлеуметтік жағдайын талдау, деректерді жинау және кешенді қолдау көрсету үшін әзірленген бірыңғай платформа болып табылады.
– Цифрландыру әлеуметтік қолдауды сапалы жаңа деңгейге көтереді. Бұрын отбасылардың мәселелерін анықтау үшін көптеген құжаттар мен мекемелер арасындағы ұзақ келіссөздер қажет болатын. Енді «FSM Social» арқылы барлық мәліметті бір жерден көріп, тез әрі нақты шешім қабылдай аламыз. Бұл уақытты үнемдеп, адами қателерді азайтады, – дейді Жамбыл облысының «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали.
«FSM Social» жүйесі отбасының мәртебесі, тұрмыстық жағдайы, әлеуметтік көмек алу тарихы мен деңгейі туралы толық ақпаратты қамтиды. Сонымен қатар, жүйе психологтар, заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер және басқа мамандардың жұмысын үйлестіріп, сұранысқа сай бағыттауға мүмкіндік береді. Еңбек, білім, денсаулық сақтау және құқық қорғау салалары арасындағы байланысты нығайтып, отбасылармен кешенді жұмыс жүргізуге жол ашады.
Тараз қаласында жүзеге асырылған «Отбасылық сандық карта» жобасы цифрлық технологиялардың тиімділігін айқын көрсетеді. Бұл жоба арқылы әр отбасының әлеуметтік жағдайы үнемі бақылауда болады. 2024 жылы Таразда 7272 отбасы дағдарыс және қиын жағдай санатына (Е-санаты) енгізілді, оның ішінде 35 отбасы ерекше бақылауға алынып, нақты көмек алды.
Эльмира Инаятқызының айтуынша, «Отбасылық сандық карта» отбасылармен мақсатты және уақытылы жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұрын мұндай жүйе болмаған кезде отбасылардың нақты қиындықтарын анықтау қиын еді.
Цифрландырудың тағы бір маңызды бағыты – мобильді топтардың қызметі. «Отбасылық сандық карта» және «FSM Social» жүйесінде тіркелген отбасыларды зерттеу үшін әлеуметтік, білім, құқық қорғау және денсаулық сақтау салаларының мамандарынан құралған мобильді топтар мекенжайларға барып, отбасылармен жеке жұмыс жүргізеді.
– Мобильді топтардың негізгі міндеті – отбасының шынайы жағдайын көріп, тиісті шешім қабылдау. Кейде адамдар көмек сұраудан ұялады немесе мәселесін толық түсіндіре алмайды. Ондайда біз барып, жағдайды анықтаймыз. «FSM Social» жүйесіндегі деректердің арқасында мобильді топтар қандай маман қажет екенін алдын ала біледі, – дейді Эльмира Мырза-Ғали.
Цифрландыру қашықтан кеңес беру қызметін де жолға қойды. Әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға дер кезінде құқықтық қолдау көрсету өте маңызды. Мысалы, 2024 жылы «Анаға тағзым» орталығының заңгерлері 19 әйелге телефон арқылы кеңес беріп, алимент өндіру, тұрғын үй алу, несие міндеттемелерін жеңілдету сияқты мәселелер бойынша бағыт-бағдар берді.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер кейде ашық көмек сұрай алмайды. Мұндайда телефон арқылы кеңес беру – үлкен мүмкіндік. Біз құпиялылықты сақтай отырып, барынша қолдау көрсетеміз. Бастысы – адам өзін жалғыз сезінбеуі керек. Цифрлық жүйелердің арқасында отбасылардың цифрлық сауаттылығы да артуда. Біз аналарға электронды қолтаңба алу, құжаттарды онлайн рәсімдеу сияқты дағдыларды үйретіп, өмірлерін жеңілдетуге тырысамыз, – дейді Эльмира Мырза-Ғали.
«Отбасылық сандық карта» және «FSM Social» жүйесінің тиімділігі облыс орталығымен шектелмей, Шу, Байзақ, Жуалы, Сарысу аудандарында да байқалуда. Мобильді топтар, кеңес беру пункттері және әлеуметтік қолдау мекемелері белсенді жұмыс істеп жатыр.
– Біздің мақсат – ешбір отбасы назардан тыс қалмауы. Ол үшін жаңа технологияларды тиімді пайдалану керек. Әр отбасының артында өмір, үміт және болашақ бар. Осы болашаққа бірге қадам басу – біздің міндетіміз, – деп түйіндеді Эльмира Инаятқызы.
Цифрландыру отбасыларға көрсетілетін көмектің сапасын арттырып қана қоймай, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ететін сенімді құралға айналды. Мемлекет пен қоғам осы жүйелерді дамыта отырып, отбасылардың әл-ауқатын жақсартуға, қиын жағдайдағы адамдарға қолдау көрсетуге және халықтың билікке деген сенімін нығайтуға үлес қосады. Ең бастысы – бұл жүйеде әр отбасы мен әр азамат назарда.
Ұқсас жаңалықтар
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ «JIBEK JOLY» АЭА АРҚЫЛЫ ӘЛЕМДІК НАРЫҚҚА ҚАДАМ БАСУДА
- авторZhambylokq
- 13 тамыз, 2025