ЕРБОЛ ҚАРАШӨКЕЕВ ТАРАЗДЫҚ ЖАС АЙТЫСКЕР АҚЫН ІНЖУ ЖАҢАБАЙМЕН КЕЗДЕСТІ
- author Zhambylokq
- Бүгін, 10:54
- 49
Қазақтың киелі сөз өнерін жалғап, ұлттық руханият көкжиегін кеңейтіп келе жатқан жас талант Інжу Досалы тағы бір мәрте ел абыройын асқақтатты. Ол оқушылар арасындағы республикалық «Жасанды интеллект дәуіріндегі жасампаз жастар» атты айтыста бас жүлде – «Қола домбыраны» иеленіп, сонымен қатар «Ақберен» шығармашылық байқауында да жеңімпаз атанды.
Бұл қуанышты жаңалық өнер мен білімді қатар ұштастырып келе жатқан жас ақынның биік әлеуетін тағы бір дәлелдеді. Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев жас өреннің жетістігін жоғары бағалап, оны қабылдау барысында ізгі тілегін жеткізді.
Бұл жетістік – Сіздің табиғи талантыңыздың, қажырлы еңбегіңіздің және өнерге деген сүйіспеншілігіңіздің айқын көрінісі. Қазақтың киелі айтыс өнерін жаңғыртып, ұлт руханиятының дамуына өз үніңізді қосып келе жатқаныңыз – ел мерейін асырар зор мақтаныш. Өнер мен білімді қатар ұштастырып, сөз өнерінің биік талаптарын меңгеріп келе жатқаныңыз – алдағы үлкен белестердің бастауы деп сенемін, – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев сондай-ақ Інжудің бойындағы дарынды танып, оны шыңдауға бағыт-бағдар берген ата-анасы мен ұстаздарына шынайы ризашылығын білдіріп, жас талантқа шығармашылық шабыт, биік белестер мен жаңа жеңістер тіледі.
Өз кезегінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жас айтыскердің әкесі әрі ұстазы Есет Досалы көрсетілген қолдау мен құрмет үшін облыс әкіміне алғысын жеткізді.
Айтыс өнерін дамыту ісіне айрықша үлес қосып жүрген облыстық айтыскер ақын, жыршы-термешілер орталығының директоры Ахметжан Өзбековтің айтуынша, соңғы жылдары өңірде сөз өнеріне құштар жастардың қатары артып келеді.
Біздің орталықта айтысқа бейім, ізденімпаз жастардың саны жыл сайын көбейіп отыр. Бұл – ұлттық өнерге деген қызығушылықтың қайта жанданып келе жатқанының айғағы. Інжу сынды дарынды оқушылардың жетістігі өзге жастарға да үлкен серпін береді, – дейді Ахметжан Өзбеков.
Иә, айтыс – халқымыздың рухани тірегі, ұлт болмысының айнасы. Осы киелі өнердің туын биік ұстап, жаңа заманның жастарына лайық жаңа леп пен мазмұн әкеліп жүрген Інжу Досалының табыстары – ел үмітін ақтаған игілікті жетістік.
Өнер мен білімді тең ұстаған, жүрегін жыр тербеген жас таланттың алдағы уақытта да айтыс сахнасында ел намысын абыроймен қорғап, ұлттық мәдениетіміздің өркендеуіне өзіндік үлесін қоса беретініне сенім мол.




