Бақылау мақсатындағы сатып алу өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына қатысты тәуекелдердің алдын алу мақсатында жүргізіледі. Бұл ретте сатып алынған өнімдер міндетті түрде зертханалық санитариялық-эпидемиологиялық сараптамадан өткізіліп, микробиологиялық, физика-химиялық, токсикологиялық, санитариялық-химиялық және радиологиялық көрсеткіштер бойынша зерттеледі. Сараптама жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 44-бабымен регламенттелген.
Сынама үлгілері сауда объектілерінен тауарларды іріктеу алгоритміне сәйкес алынып, Жамбыл облысы бойынша Ұлттық сараптама орталығының филиалына жіберіледі. Өнімді сатып алуға қажетті қаражат республикалық бюджет есебінен бөлінеді.
2025 жылғы нәтижелер
2025 жылдың 11 айында бақылау мақсатындағы сатып алу шеңберінде барлығы 2074 өнім мен тауар сынамасы алынды. Оның ішінде:
Қазақстан Республикасында өндірілген өнімдер – 353,
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден – 827,
басқа елдерден жеткізілген – 894 сынама.
Зерттеу нәтижесінде 912 сынама (44%) талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. Негізгі сәйкессіздіктер таңбалау талаптарының бұзылуымен, сондай-ақ микробиологиялық, физика-химиялық және май қышқылдары құрамының нормаларға сәйкес келмеуімен байланысты болды.
Атап айтқанда, тамақ өнімдері бойынша 1325 сынаманың 403-і (30%) сәйкес келмесе, азық-түлік емес өнімдер арасында сәйкессіздік деңгейі жоғары болып, 749 сынаманың 509-ы (68%) талаптарға сай болмады.
Қабылданған шаралар
Бақылау нәтижелері бойынша анықталған сәйкес келмейтін өнімдерге қатысты жедел ден қою шаралары қабылданып, 135 қаулы шығарылды. Нәтижесінде:
15 атаулы тамақ өнімінің 657,3 келісі,
9 атаулы азық-түлік емес өнімнің 187,5 келісі
сауда айналымынан кері қайтарылып алынды.
Сондай-ақ 51 нысанға қатысты тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, 37 нысанда әртүрлі заңбұзушылықтар анықталды. Анықталған кемшіліктер бойынша 33 нысанға жалпы сомасы 3,2 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Қосымша 4 нысанға өнімді кері қайтарып алу түріндегі жедел шаралар қолданылды.
Ведомствоаралық өзара іс-қимыл
Сәйкес келмейтін өнімдерге қатысты ілеспе құжаттар бойынша өндірушілер орналасқан өңірлердің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттеріне шара қабылдау үшін хаттар жолданды. Сонымен қатар сәйкестік декларацияларының заңдылығын тексеру және оларды тоқтату бойынша уәкілетті органдарға бірқатар ресми хаттар жіберілді.
Нәтижесінде қазіргі таңда 28 сәйкестік декларациясының қолданылуы тоқтатылды, оның ішінде Қазақстан Республикасында және бірқатар шет мемлекеттерде тіркелген өндірушілердің өнімдері бар.
Тұтынушыларды ақпараттандыру
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және дұрыс таңдау жасауына мүмкіндік беру мақсатында талаптарға сәйкес келмейтін өнімдердің тізбесі ай сайын Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми сайтында жарияланып отырады.
Бақылау мақсатындағы сатып алу – нарықта қауіпсіз әрі сапалы өнімнің болуын қамтамасыз ететін маңызды құрал. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, тұтынушылардың денсаулығы мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталады.
Ұқсас жаңалықтар
БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ: ЖАҢАШЫЛ БАСТАМАЛАР МЕН ҚОЛ ЖЕТКІЗІЛГЕН ЖЕТІСТІКТЕР
- авторZhambylokq
- 18 желтоқсан, 2025
ЖАМБЫЛДЫҚ ЭНЕРГЕТИК ҚАНАТБЕК ЖАМАЛАҚОВ «ЕҢБЕК ДАҢҚЫ» ОРДЕНІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ
- авторZhambylokq
- 17 желтоқсан, 2025




