Өңірдің географиялық орналасуына байланысты есірткі бизнесінің алдын алу мәселесі әрдайым ерекше назарда. Облыс аумағында табиғи жағдайда 65 мың гектар жерді алып жатқан, есірткі заттарын дайындауға шикізат болып табылатын жабайы қарасора өсетін Шу алқабының орналасуы бұл бағыттағы жұмыстың маңызын арттыра түседі.
Облыс прокуратурасы есірткі қылмыстарының алдын алу, заңсыз айналым мен тұтынудың құқықтық салдарын түсіндіру, сондай-ақ мемлекеттік органдармен, білім беру ұйымдарымен және қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимылды күшейтуге басымдық беріп отыр. Ағымдағы жылы прокуратура мен полиция департаментінің үйлестіруімен білім беру ұйымдарында 1000-нан астам дәріс, жүздеген профилактикалық акциялар, семинарлар мен спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде есірткінің қауіптілігі туралы мыңнан астам материал жарияланды.
Сонымен қатар, облыс прокуратурасы биыл «Есірткісіз болашақ» профилактикалық жобасын іске қосты. Жоба аясында жабайы қарасора өсетін нақты учаскелер анықталып, тек осы жылдың өзінде 5 887 гектар аумақта 3 919 тонна есірткі құрамды өсімдіктер жойылды. Бұл есірткінің еліміздің басқа өңірлеріне таралу фактілерін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді.
Құқық қорғау және арнаулы органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде биыл есірткі қылмыстарын анықтау көрсеткіші 10 пайыздан астамға артты. Бірнеше наркозертхана әшкереленіп, халықаралық және өңірлік деңгейдегі есірткі жеткізу арналарының жолы кесілді.
Соның ішінде Алматы қаласынан Тараз қаласының дәріханалары арқылы өткізу мақсатында тыйым салынған психотроптық зат – трамадолды жеткізумен айналысқан 5 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленуі қоғамда ерекше алаңдаушылық туғызды. Бұл дерек дәрілік заттардың да заңсыз айналымға түсу қаупі бар екенін көрсетті.
Бұдан бөлек, «NarkoShekteuTaraz» телеграм-боты арқылы мыңдаған есірткі сайттары бұғатталып, есірткіні насихаттайтын граффити жазбалар жойылды. Қылмыстық жолмен алынған табыстарды анықтау және бұғаттау жұмыстары да күшейтіліп, мыңдаған наркосчет анықталды.
Заңнамадағы соңғы өзгерістерге сәйкес, есірткі және психотроптық заттарды медициналық емес мақсатта тұтыну үшін де жауапкершілік қарастырылған. Сонымен қатар, дропперлікке, яғни заңсыз ақша аударымдарына қатысқандарға қылмыстық жаза күшейтілді.
Қорытындылай келе, есірткі құралдарының, оның ішінде трамадолдың заңсыз айналымына қатысу мүлкін тәркілеумен қатар өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін қатаң қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске саламыз. Нашақорлық қылмыстарына қарсы күрес – мемлекет пен қоғамның бірлескен күш-жігерін талап ететін маңызды міндет. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.
Ұқсас жаңалықтар
ЖАМБЫЛДЫҚ ЭНЕРГЕТИК ҚАНАТБЕК ЖАМАЛАҚОВ «ЕҢБЕК ДАҢҚЫ» ОРДЕНІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ
- авторZhambylokq
- 17 желтоқсан, 2025
ТАРАЗДА «ТӘУЕЛСІЗДІК» МОНУМЕНТІНЕ ГҮЛ ШОҚТАРЫН ҚОЮ РӘСІМІ ӨТТІ
- авторZhambylokq
- 17 желтоқсан, 2025




