Жамбыл облысының Өңірлік комуникациялары қызметі - Ақпарат агенттігі

Байланыс

  • ato.uvp@mail.ru
  • +7 705 537 5268
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

АИДА БАЛАЕВА: БІЛІМ МЕН МЕДИЦИНАДАҒЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ЖҮЙЕСІ ӘДІЛ ӘРІ АШЫҚ БОЛУҒА ТИІС

АИДА БАЛАЕВА: БІЛІМ МЕН МЕДИЦИНАДАҒЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ЖҮЙЕСІ ӘДІЛ ӘРІ АШЫҚ БОЛУҒА ТИІС
Ашық дерек
Мемлекет басшысы таяуда «Түркістан» газетіне берген сұхбатында білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесін реформалау туралы атап өтті. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева пікір білдірді.

Елімізде білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы «жан басына сәйкес қаржыландыру» жүйесін реформалау күн тәртібіне шықты. Бұл туралы вице-премьер Аида Балаева мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы жылдары жекеменшік мектептер мен медициналық ұйымдардың күрт көбеюі бюджетке айтарлықтай салмақ түсіріп қана қоймай, жүйелі мәселелерді де айқын көрсеткен.

Бүгінде жекеменшік мектептер, балабақшалар, даму орталықтары мен медициналық емханаларды қаржыландыру тетіктеріне ерекше назар аударылып отыр. Үкімет жекеменшік ұйымдарға берілетін мемлекеттік тапсырыс механизмдеріне жан-жақты талдау жүргізіп, цифрландыру барысында бұрын байқалмаған заңбұзушылықтар мен олқылықтарды анықтаған. Бұл жағдай аталған салалардағы бизнестің әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарына сай келмейтінін көрсетті.

Соңғы сегіз жылда жекеменшік мектептердің саны жеті есе өсіп, 785-ке жеткен. Соған сәйкес бюджет шығындары да еселеп артты. Егер 2020 жылы бұл мақсатқа 13 миллиард теңге жұмсалса, 2025 жылы шығын көлемі 242 миллиард теңгеге дейін ұлғайған. Сонымен қатар 2020–2025 жылдар аралығында инвестициялық шығын 111 миллиард теңгені құраған. Бұл қаржыға шамамен 35 жаңа мектеп салуға болар еді.

Алайда қомақты қаражатқа қарамастан, орын тапшылығы мәселесі әлі де шешілмеген. 2025 жылы мектептердегі жетіспеушілік 251 мың орынға жеткен. Бұл – бір облыстағы тұтас бір қаланың халқымен тең көрсеткіш. Вице-премьердің айтуынша, жекеменшік мектептердің ретсіз ашылуы білім сапасының төмендеуіне әкеліп отыр. Олардың шамамен 80 пайызы жалға алынған ғимараттарда орналасқан, ал директорлардың біліктілігі де сын көтермейді. Мектеп ғимараттарының бизнес меншігінде қалуы ұзақмерзімді тұрақтылыққа қауіп төндіреді.

 

Осыған байланысты Үкімет жағдайды түбегейлі өзгертуге бағытталған жүйелі жұмысты бастап кетті. Қазіргі таңда жаңа қаржыландыру тетігі пилоттық режимде іске қосылған. Мектептер толық цифрландырылып, бюджетке сәйкес реттелген. Дегенмен бұл – оқу жылының соңына дейінгі уақытша шара. Негізгі мақсат – жүйені толық қайта қарау. Алдағы уақытта мемлекеттік тапсырыс нақты өңірлік қажеттілікке сай берілуі тиіс. Жаңа жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыс беруге мораторий енгізу ұсынылып отыр. Мемлекеттік қолдау тек инвестициялық шығындарды өтеумен шектелмек.

 

Ұқсас мәселелер медицина саласында да байқалады. Қазіргі таңда елімізде 20 миллионнан астам адам 698 алғашқы медициналық көмек ұйымына тіркелген. Оның 336-сы – жекеменшік. Бұл ұйымдарға 5,6 миллион адам тіркелген. Соңғы жылдары жекеменшік емханалар саны мен оларға тіркелген халық екі есеге жуық артқанымен, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы айтарлықтай жақсармаған.

Zhambylokq
Автор

Zhambylokq

Жамбыл облысының Өңірлік комуникациялары қызметі - Ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар