Аймақ басшысы алдымен елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформалардың маңызы мен қажеттілігіне тоқталып, жаңа Конституция жобасын жұртшылыққа кеңінен түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Ел тағдырына қатысты тарихи шешімдер қабылданатын осындай сындарлы кезеңде біз ауызбіршілік пен қоғамдық келісімнің үлгісін көрсетіп, сапалы экономикалық әрі идеологиялық өзгерістерге дайын екенімізді дәлелдеуіміз қажет, – деді Ербол Қарашөкеев.
Ақпараттық топтардың жұмысын үйлестіру міндеті Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемовке жүктелді.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша алдымен энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркін Алтышев баяндама жасады. Оның айтуынша, 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымы 164 тәулікті құрайды. Бүгінгі күнге дейін оның 125 тәулігі өтіп, 812 мың гигакалория көлемінде жылу энергиясы өндірілген.
Облыста 9 отын-энергетика кешені мен 590 автономды қазандық штаттық режимде жұмыс істеуде. Жылу көздерінде температуралық кестенің сақталуы күнделікті бақылауға алынған. Барлық кәсіпорындардың апаттық-диспетчерлік бөлімшелері тәулік бойы қызмет көрсетуде.
Отын-энергетика кешендері негізгі және резервтік отын қорымен толық қамтамасыз етілген. Жалпы өңір бойынша жоспарланған көмір көлемі 191,1 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде халық үшін 134,9 мың тонна көмір толық жеткізілген, ал автономды қазандықтарға арналған 56,2 мың тоннаның 55,2 мың тоннасы тасымалданған. Қордай ауданындағы білім беру нысандарына қажетті 5 000 тонна көмірдің 4 000 тоннасы жеткізілді.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі тарапынан аймаққа қажетті 34,3 мың тонна әлеуметтік мазут бөлінді. Оның ішінде Жаңатас қаласының қазандығына 12 805 тонна мазут сатып алу үшін облыстық бюджеттен 1,4 млрд теңге қарастырылған. Бүгінде қазан-желтоқсан айларына жоспарланған 8 500 тонна мазут толық жеткізілді. Қазіргі уақытта қоймада 33 тәулікке жеткілікті 2 529 тонна мазут бар, тәуліктік тұтыну көлемі 75-80 тоннаны құрайды.
Ербол Қарашөкеев салаға жауапты орынбасары Алтай Әліге, Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне, сондай-ақ бірқатар басқарма басшысына жылыту маусымын кедергісіз өткізу бойынша нақты тапсырмалар берді.




