Жамбыл облысының Өңірлік комуникациялары қызметі - Ақпарат агенттігі

Байланыс

  • ato.uvp@mail.ru
  • +7 705 537 5268
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ПӘКІСТАННЫҢ THE NEWS INTERNATIONAL ГАЗЕТІНЕ СҰХБАТ БЕРДІ

ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ПӘКІСТАННЫҢ THE NEWS INTERNATIONAL ГАЗЕТІНЕ СҰХБАТ БЕРДІ
ашық дерек
– Қазақстан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынасқа, әсіресе, сауда-инвестициялық ынтымақтастыққа қандай баға бересіз? Нақтырақ айтқанда не күтесіз? Келешегі қандай?

Қазақстан Пәкістанды достас ел және халықаралық қоғамдастықта беделі биік стратегиялық серіктес ретінде қарастырады. 1992 жылы дипломатиялық қатынас орнаған сәттен бері ортақ мүддемізге сай келетін бірқатар мәселе мен жобалар бойынша табысты әрекет етіп келеміз. Мемлекеттеріміз ШЫҰ, ИЫҰ, АӨСШК секілді маңызды халықаралық ұйымдар аясында тығыз әрі жемісті ықпалдастықты жолға қойды. Осылайша, біз жаһандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, сондай-ақ орнықты дамуға үлес қосамыз. Пәкістанға алғашқы мемлекеттік сапарым серіктестік көкжиегін кеңейтіп, өзара байланыс тарихының жаңа кезеңіне бастау болады. Сапар барысында қол қойылған 60-тан астам үкіметаралық және іскерлік келісім екіжақты ынтымақтастыққа зор серпін берері сөзсіз. Көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп пен өндіріс, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да секторлар экономикалық ынтымақтастығымыздың басым бағыттары саналады. Мен екі елдің компаниялары бірлескен кәсіпорындар құрып, тиімді жобаларды жүзеге асыра алады деп ойлаймын. Оған мүмкіндік мол. Біз өзара сауда-саттығымызды кеңейтуге ерекше назар аударып отырмыз. 

 Пәкістан мен Қазақстан ынтымақтастығының басты бағыттарына тоқтала кетсеңіз?

Экономикалық ынтымақтастық және өңіраралық байланыс өзара серіктестігімізде айрықша мәнге ие. Біз ізгі саяси ерік-жігерімізді нақты экономикалық нәтижеге жету үшін жұмсағымыз келеді. Атап айтқанда, сауда-саттық пен инвестиция ауқымын кеңейтіп, халықтарымыз арасындағы байланысты жандандыруға ниеттіміз. 

– Өңіраралық байланыс ортақ күн тәртібіндегі негізгі тақырыптың біріне айналды. Қазақстан үшін бұл мәселе қаншалықты маңызды? 

 Шын мәнінде, аймақаралық байланысты дамыту – күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселе. Бұл ретте Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан дәлізін құру жобасына үлес қосуға әзірміз. Біздің ойымызша, бұл жобаның өңірлерді байланыстырып, Оңтүстік Азия нарығына шығу тұрғысынан стратегиялық маңызы зор. Пәкістанның осы стратегиялық бағытта елімізбен тығыз ынтымақтастық орнатуға ниетті екені қуантады. Мүдделі тараптар көлік-транзит жобаларын табысты жүзеге асыруға белсенді атсалысып, ортақ іске жұмыла кіріседі деп үміттенеміз. 

  - Қазіргі кезде Қазақстанда Конституцияға енгізілетін түзетулер қызу талқыланып жатыр. Бұл өзгерістердің мәні неде?

Ел тарихында ең елеулі саяси трансформация үдерісі жүріп жатыр. Бұл өзгерістер дамудың игілігін қоғамда әділ бөлуді мақсат етеді. Мемлекеттің іргесін бекемдеу жолындағы барлық қам-қарекетіміз елімізді жаңғыртуға, шын мәнінде Әділетті Қазақстанның негізін қалауға бағытталған. Қазақстан «суперпрезиденттік» модельден бас тартып, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі тиімді жұмыс істейтін президенттік республика үлгісіне өтті. Ол, ең алдымен, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына арқа сүйейді. Қазір біз саяси жаңғырудың мүлдем жаңа кезеңіне қадам бастық. Конституциялық реформа аясындағы ең басты өзгерістердің қатарында бір палаталы парламентке (Құрылтай) өту, Халық Кеңесін құру және Вице-президент лауазымын енгізу секілді бастамалар бар. Адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланады. Ал ынтымақ пен бірлік, этносаралық және конфессияаралық келісім секілді құндылықтар мемлекеттігіміздің мызғымас тұғыры болып қала береді.

- Қазіргі Қазақстанның стратегиялық даму векторы қандай?

Мақсатымыз – Әділ, Қауіпсіз, Таза және Озық Қазақстан құру. Бұл ретте біз «Заң және тәртіп» қағидатын бәрінен жоғары қоямыз. Ал халқымыздың ынтымағы қастерлі құндылық ретінде қарастырылады. Бүгінгі таңда Қазақстан Орталық Азиядағы экономикасы ең ірі ел саналады. Былтыр жоғары экономикалық өсім тіркелді. Ал ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллардан асты. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемі тарихи межеге жетті. Инвестициялық саясатымыз тұрақты, ашық әрі түсінікті іскерлік орта қалыптастыруға бағдарланған. Сонымен қатар біз таяу жылдары Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыруды көздейтін стратегиялық міндетті орындауды қолға алдық. Жасанды интеллект пен басқа да озық технологиялар белсенді енгізіліп жатыр. Қазақстанды Еуразиядағы басты транзит хабына айналдырғымыз келеді. Бұдан бөлек, еліміздің энергетика саласын жаппай жаңғыртуға кірістік. Бұл орайда шетелдік инвесторлармен бірлесіп ірі жобаларды іске асыра бастадық. Бұл қадамның бәрі таңдаған жолымыздың қандай екенін көрсетеді. Мақсатымыз – әртараптандырылған, технологиялық тұрғыдан озық әрі әлемдік деңгейдегі бәсеке төтеп бере алатын экономика құру, халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту.

Zhambylokq
Автор

Zhambylokq

Жамбыл облысының Өңірлік комуникациялары қызметі - Ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар