МЕМЛЕКЕТТІК САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЖҮЙЕСІНДЕ МАҢЫЗДЫ ӨЗГЕРІСТЕР КҮШІНЕ ЕНДІ
- author Zhambylokq
- 12 ақпан, 2026
- 114
Аталған заң аясында 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстанда балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауды күшейтуге бағытталған мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау жүйесінде маңызды өзгерістер күшіне енді.
Жаңашылдықтардың негізгі мақсаты
Жаңа өзгерістердің басты мақсаты – бұзушылықтарға кейін ден қоюдан гөрі олардың алдын алуға көшу. Сонымен қатар бақылау жүйесінің ашықтығын, жауапкершілігін және тиімділігін арттыру, ең бастысы – балалардың құқықтары мен денсаулығын нақты қорғауды қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Ерекше бақылау тетіктері
Ерекше бақылау және қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты мемлекеттік бақылау мен қадағалау бірнеше нысанда жүзеге асырылады. Атап айтқанда, жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер, тергеп-тексеру, сондай-ақ объектіге тікелей бару арқылы жүргізілетін мониторинг қарастырылған. Бұл ретте барлық тексерулер прокуратура органдарында міндетті түрде тіркеледі.
Маңызды жаңашылдықтың бірі – тексерулердің алдын ала ескертусіз жүргізілуі. Бұл санитариялық жағдайдың нақты көрінісін алуға мүмкіндік беріп, тексеру алдында бұзушылықтарды уақытша жою тәуекелін болдырмайды.
Кешенді тексеру қағидаты
Ұсынылып отырған ерекше бақылау тәртібі бір объектіде қызмет көрсететін барлық субъектілерді бір мезгілде тексеру тетігін көздейді. Мысалы, мектептерде асхана мен медициналық пункт бір уақытта тексеріледі. Бұл балалардың қауіпсіздігіне кешенді түрде баға беруге мүмкіндік береді.
Ақпарат алмасу және ашықтық
Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың жергілікті атқарушы органдары балаларға қызмет көрсететін және мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру алатын субъектілер туралы мәліметтерді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарының аумақтық бөлімшелеріне ұсынуға міндетті. Бұл ақпарат ерекше бақылау және қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) тізілімін қалыптастыру үшін пайдаланылады.
Жоспарлы тексерулердің тәртібі
Жоспарлы тексерулер ерекше бақылау және қадағалау субъектілерінің жартыжылдық тізімі негізінде жүргізіледі. Аталған тізімдер тексеру жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың 10 желтоқсанына дейін және ағымдағы жылдың 10 мамырына дейін аумақтық бөлімшенің интернет-ресурсында жарияланады.
Тәуекел дәрежесіне қарай тексеру жиілігі де нақты айқындалған:
Жоғары тәуекел дәрежесі бар объектілер үшін жоспарлы тексеру жарты жылда бір реттен жиі емес жүргізіледі.
Егер жоғары тәуекел тобына жататын объектілерге мониторинг жүргізілсе, жоспарлы тексеру жылына бір реттен жиі болмайды.
Төмен тәуекел дәрежесі бар объектілер үшін жоспарлы тексеру жылына бір реттен жиі емес белгіленеді.
Жаңа заңнамалық өзгерістер балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауды жүйелі әрі тиімді етуге бағытталған. Алдын алу шараларын күшейту, тексерулердің ашықтығы мен кешенділігі, сондай-ақ жауапкершіліктің артуы – санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
2027 ЖЫЛЫ АСТАНАДА УЕФА-НЫҢ 51-ШІ КОНГРЕСІ ӨТЕДІ
Ұқсас жаңалықтар
ҒЫЛЫМИ ӘЛЕУЕТ: УНИВЕРСИТЕТ ОҚЫТУШЫЛАРЫНЫҢ 50 %-Ы ҒЫЛЫМИ ДӘРЕЖЕЛІ
- авторZhambylokq
- 6 ақпан, 2026




