ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ОРМАН АЛҚАБЫНДА 16 МЛН АСТАМ АҒАШ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ
- author Zhambylokq
- 24 ақпан, 2026
- 1
Аталған тапсырманы орындау аясында Жамбыл облысында мемлекеттік орман қоры жерлерінде «2021–2027 жылдарға арналған ормандарды молықтыру және орман өсіру көлемін ұлғайтудың кешенді жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, өңірде 140 миллион 806,3 мың дана ағаш отырғызу көзделген. Бүгінде осы бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, нәтижесінде облыс аумағында орман алқаптарына 16 миллионнан астам ағаш отырғызылды. Бұл көрсеткіш өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға және жасыл аймақтарды кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Орман шаруашылығы саласындағы бұл жұмыстармен қатар, Жамбыл облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы биологиялық ресурстарды қорғау, өсімін молайту және тиімді пайдалану бағытында кешенді шараларды жүзеге асыруда. Инспекцияның негізгі міндеттерінің бірі – орман қорын сақтау, жануарлар дүниесін қорғау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың талаптарының сақталуын бақылау.
Сонымен қатар, аңшылық шаруашылығы саласында да белгіленген лимиттерге сәйкес жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылғы 15 ақпан мен 2026 жылғы 15 ақпан аралығында аңшылық шаруашылықтарына жануарлар дүниесін аулауға 54 165 бас лимит бөлінді. Оның ішінде тұяқты жануарларға – 478 бас, мамық жүнді аңдарға – 4 335 бас, ал қанатты құстарға – 49 352 бас лимит қарастырылған. Жалпы, аңшылық алқаптарында жануарлардың 19 түрін аулауға рұқсат берілген. Бұл шаралар жануарлар дүниесін ұтымды пайдалану және олардың санын сақтау мақсатында ғылыми негізде жүзеге асырылады.
Аңшылық шаруашылығы субъектілері тарапынан жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін мемлекеттік бюджетке тұрақты төлемдер түсуде. Мәселен, 2025 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 10 миллион 500 мың теңге төленді.
Инспекция өз қызметі барысында Қазақстан Республикасының Орман кодексі мен «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы», сондай-ақ «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңдарының талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді. Бұл жұмыстар табиғи ресурстарды қорғауға, биологиялық әртүрлілікті сақтауға және қоршаған ортаны келешек ұрпақ үшін сақтап қалуға бағытталған.
Жамбыл облысында орман қорын ұлғайту, ағаш отырғызу және табиғи байлықтарды қорғау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл – өңірдің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етудің және табиғатты қорғаудың маңызды кепілі.




