ҒАРЫШТЫҚ БАҚЫЛАУ: ОБЛЫСТА 304 ЗАҢСЫЗ ҚОҚЫС ҮЙІНДІСІ АНЫҚТАЛДЫ
- author Zhambylokq
- Бүгін, 15:20
- 36
Экология департаментінің мәліметінше, соңғы жылдары заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау жұмыстары ғарыштық мониторинг арқылы жүзеге асырылуда. Мұндай бақылау әдісі қоршаған ортаны ластайтын аумақтарды нақты анықтауға және оларды жою бойынша жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Бақылау нәтижелері жергілікті атқарушы органдарға жолданып, анықталған қоқыс орындарын жою жөнінде нұсқамалар беріледі.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының мониторингтік түсірілімдері жүргізілді. Нәтижесінде облыс аумағында барлығы 304 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталған. Оның ішінде Тараз қаласында – 28, Шу ауданында – 62, Жамбыл ауданында – 39, Жуалы ауданында – 15, Мойынқұм ауданында – 3, Талас ауданында – 55, Қордай ауданында – 82, Байзақ ауданында – 15, Т. Рысқұлов ауданында – 3 және Меркі ауданында – 2 нүкте тіркелген.
Сонымен қатар жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында Жамбыл облысындағы 25 ауылдық округ әкімдігінде кездейсоқ қоқыс үйінділерін тазалау жұмыстары талапқа сай жүргізілмегені анықталды. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 344-бабының 3-тармағына сәйкес әкімшілік істер қозғалып, әрбір ауылдық округ аппаратына айыппұл салынды. Жалпы айыппұл көлемі 4 млн 747 мың 890 теңгені құрап, толық көлемде өндірілді.
Мамандардың айтуынша, ғарыштық бақылау әдісі экологиялық заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтауға және қоршаған ортаның тазалығын сақтауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да өңірде экологиялық мониторингті күшейту, заңсыз қоқыс үйінділерін жою және табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.




