Наурызнама онкүндігі – 14 наурыздан басталып, 23 наурызға дейін жалғасатын мерекелік күндер тізбегі. Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, халықтың мәдениеті мен салт-дәстүрін жаңғыртуға бағытталады. Бұл күндері еліміздің барлық өңірлерінде түрлі мәдени, спорттық және қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Мәселен, онкүндіктің алғашқы күні Көрісу күні немесе Амал мерекесі ретінде аталып өтеді. Бұл күні адамдар бір-бірімен қауышып, амандық сұрасып, үлкендерге құрмет көрсетеді. Кейінгі күндері қайырымдылық, ұлттық киім, мәдениет, ұлттық ойындар мен салт-дәстүрді насихаттауға арналған шаралар өткізіледі. Сондай-ақ экологиялық акциялар ұйымдастырылып, ағаш отырғызу, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстарға ерекше көңіл бөлінеді.
Наурызнама онкүндігі аясында ұлттық тағамдар дайындалып, халыққа наурыз көже таратылады. Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, көкпар, асық ату, қазақ күресі сияқты ойындар көпшілік назарына ұсынылады. Бұл шаралар жастардың ұлттық дәстүрге деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы – 21–22 наурыз күндері кең көлемде тойланады. Бұл күндері ел ішінде мерекелік концерттер, көрмелер, жәрмеңкелер мен мәдени бағдарламалар өткізіліп, халыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлайды.
Жалпы, Наурызнама онкүндігі – тек мереке ғана емес, ұлттық рухты жаңғыртатын, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтатын маңызды кезең. Бұл дәстүр арқылы ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрлер жаңарып, кейінгі ұрпаққа насихатталады. Наурыз – жаңару мен жақсылықтың бастауы. Сондықтан бұл мерекені кеңінен атап өту – халқымыздың рухани құндылықтарын сақтаудың бір көрінісі.
Ұқсас жаңалықтар
ҒАРЫШТЫҚ БАҚЫЛАУ: ОБЛЫСТА 304 ЗАҢСЫЗ ҚОҚЫС ҮЙІНДІСІ АНЫҚТАЛДЫ
- авторZhambylokq
- 6 наурыз, 2026




