Жаңалықтар
Қазақстан ұлттық банкі теңгенің жаңа дизайнын таныстырды
- author Zhambylokq
- 15 қараша, 2023
- 78
Қазақстан ұлттық банкі теңгенің жаңа дизайнын таныстырды
Қазақстан Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚҰБ) Қазақстан қаржыгерлерінің XI Конгресінде ұлттық валюта банкноталарының жаңа сериясын таныстырды. Ол «Сақ стилі» элементтеріне негізделген және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейді.
Жаңа банкноталар сериясы дайын болған кезде айналымға енеді. Номиналы 5 000 теңгелік жаңа дизайн үлгісіндегі алғашқы банкноталар осы жылдың соңына дейін қолданысқа шығады.
Халықаралық тәжірибеге сәйкес, банкноталардың дизайны жалған ақша жасауға жол бермеу және оның алдын алу үшін жетілдірілген қорғаныш қабілетін енгізу мақсатында кезең-кезеңімен жаңартылып отырады. Бұл орайда еліміздің мәдени құндылықтары мен тарихын насихаттау маңызды саналады.
Жаңа банкноталар төлемнің барлық түрі бойынша Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында номиналды құнына қарай қабылдауға жатады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының барлық банкі арқылы банктік шоттарға аударуға, айырбастауға және ұсақталуға міндетті.