Жамбыл облысының Өңірлік комуникациялары қызметі - Ақпарат агенттігі

Байланыс

  • ato.uvp@mail.ru
  • +7 705 537 5268
  • Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі №5, Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі

Үкіметте төтенше жағдайларға ден қою мәселелері талқыланды

Үкіметте төтенше жағдайларға ден қою мәселелері талқыланды
ашық дерек
Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқыны салдарынан анықталған ТЖ-ға ден қою проблемаларын талдау бойынша кеңес өткізді. Кеңес барысында үш негізгі мәселе талқыланды: ТЖ жағдайында жедел ден қою үшін республикалық және өңірлік штабтардың өкілеттіктерін кеңейту, техника мен жабдықтарды тасымалдау тетігі, сондай-ақ табиғи апаттар кезінде мүлікті сақтандыру, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Вице-премьер халық пен бизнеске келтірілген залалды өтеу кезінде туындаған проблемаларды ерекше атап өтті. Қанат Бозымбаев Қаржы, ТЖ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне зардап шеккендерге өтемақы төлеу тәртібін қайта қарауды тапсырды.

Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілерінен жалпы сомасы 3,4 млрд теңгеге 291 өтінім келіп түсті. Қаражат қазірдің өзінде өңірлерге Үкіметтің резервінен бөлінді, бірақ өтініш берушілердің үштен біріне ғана жетті. Осыған байланысты вице-премьер «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ескертулерін назарға ала отырып, бизнеске төлем жасаудың әдістемесін пысықтауды, оның ішінде АӨК кәсіпкерлеріне келтірілген залалды өтеуді тапсырды.

«Мұндай бюрократия тұрғындар арасында наразылық тудырады. Осы жағдайды анықтау үшін бұл істі қолға аламын. Біз су тасқыны туралы емес, су тасқыны мысалында әрекет ету жүйесінің дайындығы туралы айтып отырмыз. Біз ТЖ-ға тез ден қойып, зардап шеккен азаматтар мен ШОБ үшін қажетті көмекті жедел жеткізуіміз керек. Жұмыс тобын құрып, барлық рәсімдерді жеңілдетіңіздер», — деді Премьер-Министрдің орынбасары. 

Су тасқыны кезінде техниканың жетіспеушілігі мәселесі туындады. Оны басқа облыстардан көшіру бойынша жедел шаралар қабылданды. Бірқатар өңірде әкімдер қолда бар автопарк саны туралы ақпаратты білмеді, сондықтан арнайы есепке алуды жолға қою қажет.

«Көлік министрлігі осы талқылауды ескере отырып, техниканы, оның ішінде жеке ұйымдармен тиеу, жеткізу және түсіру алгоритмін пысықтауы қажет. Оларды ТЖ аймақтарына тарту және жеткізу үшін шығындарды өтеу тетігін көздеу керек. Мұның бәрін заңнамалық тұрғыдан реттеп, бір ай мерзімде келісілген ұсыныстар енгізу қажет», — деп атап өтті Қанат Бозымбаев 

ТЖ кезінде азаматтардың мүлкін сақтандыру мәселелері және апаттар облигациясыын шығару мүмкіндігі қаралды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі апатты тәуекелдерді сақтандырудың әртүрлі модельдері мен тәжірибелеріне талдау жүргізеді. Халықаралық тәжірибені зерделеу бойынша өз талдауын «Астана» халықаралық қаржы орталығы да жүргізді. Вице-премьер Ұлттық экономика және қаржы Министрліктеріне ҚНРДА және АХҚО-мен бірлесіп бір ай мерзімде апатты бондтар шығару және мүлікті сақтандыру бойынша қажетті есептеулер жүргізуді тапсырды.

«Біз бүгін биылғы су тасқыны бойынша қорытынды жасап, келесі жылдың су тасқыны кезеңіне дайындықты бастау үшін арнайы жиналдық. Қазір біз тұрғын үйді қалпына келтіру және залалды өтеу бойынша барлық жұмыстарды уақтылы аяқтауымыз керек. Ең бастысы, зардап шеккендер күзге дейін баспанамен қамтамасыз етілуі керек. Көктемге дейін әлі алыс. Бірақ су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары күзде аяқталуы керек. Су тасқыны қателікті, орындалмаған жұмыстарды және жеткіліксіз қаржыландыруды кешірмейді», — деп атап өтті вице-премьер.

Қанат Бозымбаев ТЖ мен су ресурстары және ирригация Министрліктеріне су тасқынына дайындық және халықты апаттардан қорғау алгоритмін әзірлеуді тапсырды. Облыс әкімдіктері — су тасқынының алдын алу шараларын қамтамасыз етеді, барлық гидротехникалық және қорғаныс құрылыстарын тексеріп, айналма арналарды дайындайды. Қаржы министрлігі — әр өңірде төтенше резерв құру жөнінде ұсыныстар енгізуі тиіс. Ол тұрақты, төмендетілмейтін, келесі жылға ауысатын және тек төтенше жағдайларда қолданылуы керек. 

Zhambylokq
Автор

Zhambylokq

Жамбыл облысының Өңірлік комуникациялары қызметі - Ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар