Жаңа 2024-2025 оқу жылында 587 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, 507 орта білім беру ұйымдары, 42 колледж, 76 қосымша білім беру ұйымдары, 25 ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған мекемелер, Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы мен Жасөспірімдер үйі балалар игілігі үшін жұмыс істейді.
Жалпы 337 мыңнан аса бала мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік біліммен қамтылып, 40 мыңға жуық педагог қызмет етуде.
Биылғы оқу жылы 1 қыркүйек күні 1 және 11 сынып оқушыларына арналған «Мектебім – мейірім мекені» тақырыбындағы салтанатты шарамен басталды. Салтанатты шараны дәл осы тақырыпта өткізудегі басты мақсат — жаңа оқу жылын мерекелік көңіл-күймен бастау және әрбір оқушы үшін мектептің мейірімділік пен білімнің ордасы екенін көрсету.
Ал, 2 қыркүйекте – жаңа оқу жылының бірінші күні – «Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбында Бірыңғай сынып сағатымен басталып, әрі қарай сабақ кестесіне сәйкес жалғасты.
Оқу жылының ұзақтығы 1-сыныптарда 33 оқу аптасын, 2-11 (12)-сыныптарда 34 оқу аптасын құрайды. Барлық мектептер министрдің 2020 жылғы 21 сәуірдегі «Педагогтің жұмыс уақыты мен демалыс уақыты режимінің ерекшеліктерін айқындау қағидаларын бекіту туралы» №153 бұйрығын басшылыққа алып жұмыс жүргізуде.
Мектептердегі сабақ кестесін бекіту, мұғалімдердің күнтізбелік жоспарларын және сағаттарды бөлуде әдеттегідей білім беру ұйымдарының әкімшілігі жауапты.
Оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді және қосымша оқу құралдарын сатып алу үшін (2,8 млрд. теңге) қажетті қаржы қарастырылып, жаңа оқу жылында оқушылар оқулықтармен 100% қамтамасыз етілді.
Адам капиталын дамытудың негізі болып саналатын білім саласына облысымызда айрықша назар аударылып келеді. Саладағы инфрақұрылымды жетілдіре түсу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Ағымдағы жылы 41 білім нысанының құрылысын жүргізуге қаржы қарастырылды. Жыл соңына дейін 15 мектеп пен 4 мектептің жапсарлас құрылысы аяқталады, 2025 жылы 22 нысанның құрылысы бітеді (11 мектеп (оның ішінде 5 Жайлы мектеп), 11 мектепке жапсарлас құрылыс).
Бұған қоса 10 білім беру нысанын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланды (9 мектеп, 1 мектептен тыс мекеме).
Сондай-ақ білім беру мекемелерін материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етуге 1,9 млрд. теңге қаржы қарастырылды (физика, биология, химия, робототехника, STEM, қыздарға, ұлдарға арналған еңбек кабинеттері, мектеп жиһаздары).
Биылғы жаңа оқу жылы ерекше бастау алды. Себебі облысымызда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы мектептердің ең алғашқысы аяқталып, Байзақ ауданы Сарыкемер ауылындағы 600 орындық №7 орта мектебі ел игілігіне берілді. Айта кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы - оқушы орнының жетіспеушілігін шешуге және қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған. Жобада функционалды және қауіпсіз білім беру ортасын құруға ерекше назар аударылған.
Жалпы аталған жоба аясында облыс бойынша 12 мектеп салу жоспарланған (Байзақ ауданы - 1, Жамбыл ауданы - 1, Қордай ауданы - 3, Меркі ауданы - 1, Шу ауданы - 2, Тараз қаласы - 4).
Оның ішінде ағымдағы жылы 6 мектеп ашылса, 2025 жылы 6 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Байзақ ауданындағы жайлы мектеппен қатар Тараз қаласында да 2 мектеп оқушылар игілігіне берілді. Атап айтсақ, Тараз қаласының Арай қалабындағы 600 орындық №63 және Казарма алқабындағы 180 орындық №65 орта мектептері.
Сондай-ақ 3 мектептің ғимараты жаңадан пайдалануға беріліп, тозығы жеткен мектептердің мәселесі шешілді. Олар Қордай ауданының Бәйтерек ауылындағы №45 орта мектебі, Меркі ауданының Аспара ауылындағы №2 Аспара орта мектебі мен Сарысу ауданының Маятас ауылындағы Д.Сенбин атындағы орта мектебі.
Айта кетейік, Қордай және Меркі аудандарындағы жаңа білім ордалары 150 орындық болса, Сарысу ауданындағы мектеп 50 орынға шақталған.
Сонымен қатар, биыл өңірдегі 96 білім нысанына ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды.
Білім алушыларды қауіпсіз және қолайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету жұмыстары жалғастырылады.
Көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларын ыстық тамақпен, киім-кешек, жазғы сауықтырумен қамтамасыз етуге жалпыға міндетті білім беру қорынан 5,6 млрд. теңге бөлінді.
Жаңа оқу жылына дейін киім-кешек алуға әр балаға 47389 теңгеден берілді.
2024 жылғы 1 тамыз - 30 қыркүйек аралығында әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу үшін «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өткізілуде.
Бүгінгі күні акция аясында жекелеген санаттағы 2488 балаға 70 млн. 49 мың теңгеге демеушілер есебінен көмек көрсетілді.
Оқушыларды ыстық тамақпен қамтуға 9,5 млрд. теңге қаржы бөлінді, оның ішінде жекелеген санаттағы 43198 оқушыға 3,9 млрд. теңге, 1-4 сыныптағы 71 230 оқушыны тамақтандыруға 5,6 млрд. теңге. Барлық бастауыш сынып оқушылары бір мезгіл тегін ыстық тамақпен қамтылуда.
Биылғы оқу жылында 8277 бала мектептерге және кері қарай күнделікті тасымалдануда.
Мектеп оқушыларын тасымалдайтын 131 автобустың 30-ы білім бөлімінің, 35-і мектептің, 66-ы кәсіпкерлердің меншігінде.
Автобустардың барлығы техникалық байқаудан өткен. Автобустардың барлығы медициналық көмек қобдишаларымен, өрт сөндіру құралдарымен, апаттық жағдай белгісімен, «Абайлаңдар балалар!» белгілерімен, арнайы жарық және дыбыстық сигналдарымен жабдықталған.