№5 ОБЛЫСТЫҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН БАЛАЛАР-ЖАСӨСПІРІМДЕР СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ АТҚАРҒАН ЖҰМЫСТАРЫ
- author Zhambylokq
- 3 қыркүйек, 2025
- 1

№5 облыстық мамандандырылған балалар жасөспірімдер спорт мектебі 28 мамыр 2001 жылы құрылған.
Спорт мектебі Тараз қаласы, Байзақ батыр көшесі №192 мекен-жайында орналасқан.
Қазіргі таңда спорт мектебінде 9 спорт түрі қамтылған. Атап айтқанда 5 олимпиадалық (бокс, еркін күрес, грек-рим күресі, дзюдо, футбол), 4 олимпиадалық емес (футзал, каратэ (WKF), шахмат, кикбоксинг) спорт түрлері қамтылған. Аталған спорт түрлерінде 37 жаттықтырушы, 860 спортшымен жаттығу жүргізуде.
Спорт мектебімізден Бахтиёр Зайнутдинов футболдан Қазақстан Республикасының құрама командасының ойыншысы, Бауыржан Исламхан футболдан Қазақстан Республикасының құрама команда ойыншысы, Мақсат Амирханов футболдан «Тараз» командасының ойыншысы, Елдос Ахметов футболдан Қазақстан Республикасының құрама командасының жаттықтырушысы, Бауыржан Байтана футболдан Қазақстан Республикасының құрама команда ойыншысы сынды шыққан спортшылар тәрбиеленген.
2025 жылы спорт мекмесі ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нақтырақ тоқталар болсақ, спорт түрлері бойынша залдарда әр түрлі сырлау жұмыстары, киім ауыстыру бөлмелерінде кафель жабындысы ауыстырылды, сонымен қатар, көрермендерге арналған орындықтар да жаңартылды, кіші футбол алаңшалары жасанды төсеніштері ауыстырылды. Қазіргі уақытта сыртта орналасқан жүгіру жолағының жасанды төсенішін (тартан) ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.
Мектебіміздің спортшылары жыл басынан түрлі деңгейдегі жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп, өңір абыройын асқақтатуда. Спортшылардың басты жеңістеріне тоқталсақ, бокстан және еркін күрес спорт түрлерінен 17 спортшымыз Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер атағына қол жеткізді. Бокстан жасөспірімдер арасында облыс чемпионатындада жеңіс тұғырынан көрінуде. Бокстан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемионатында 1 спортшымыз қола медальға ие болды. Каратэ (WKF)-тен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында 1 алтын, 1 күміс медальға қол жеткізді, кикбоксингтен жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионатында да 1 алтын және жастар арасында Әлем кубогінде 1 алтын, 1 қола медальды иеленді, футболдан 2012 және 2009 жылдары туған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионатында екі жас ерекшелігінде жеңімпаз атанды.
Бұл спортшыларымыздың жеткен жеңістерінің бір парасы ғана. Алдағы халықаралық аламандарда, республикалық додаларда спортшыларымыз жеңіс тұғырынан көрініп, ел мерейін асырып, облыс атағын шығарады деп сенеміз.
Жеңісті күндерде кездескенше...