Қазіргі таңда елімізде, соның ішінде облысымызда тұрақты діни ахуал қалыптасқан. Облыс әкімдігінің дін істері басқармасы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Облыс аумағында дін саласындағы мемлекеттік саясат Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы, «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңы, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексі және стратегиялық жоспарлар мен жол карталары аясында жүзеге асырылады. Бұл құжаттарда мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын ілгерілету және радикалды идеологияның таралуына қарсы іс-қимыл шаралары анықталған.
Басқарма келесі негізгі бағыттар бойынша жұмыс атқарады:
Діни экстремизм мен терроризмнің кез келген көріністеріне қарсы алдын алу шараларын ұйымдастыру;
Мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынасты орнатып, конфессиялар арасындағы өзара келісім мен әрекеттестікті дамыту;
Ел Конституциясында белгіленген зайырлылық қағидатын қамтамасыз ету.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары
Облыста 125 маманнан құралған 16 ақпараттық-түсіндіру тобы қоғамға зайырлылық қағидаларын насихаттап, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Түсіндіру жұмыстары тәуекел дәрежесіне сәйкес «төмен», «орта» және «жоғары» деңгейлерде ұйымдастырылды.
Мемлекеттік-конфессиялық қатынастар
Облыстағы 396 діни бірлестік өзара келісімде қызмет етеді. Оның ішінде 350-і исламдық, 46-сы христиандық бағытта. Діни мерекелер – Ораза айт, Құрбан айт, Рождество, Пасха дәстүрлі түрде аталып өтуде.
2025 жылы облыстан делегация VIII Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне қатысты.
Деструктивті діни ағымдарға қарсы жұмыстар
Халықтың діни радикалды идеологияларға қарсы иммунитетін арттыру үшін мақсатты жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылы деструктивті діни ағымдардан зардап шеккен 100-ден астам азамат қоғамға бейімделді. Сонымен қатар, түзеу мекемелеріндегі сотталғандар мен «Жусан» операциясы аясында оралған азаматтармен профилактикалық жұмыстар атқарылды.
Ақпараттық технологияларды пайдалану
Интернет кеңістігінде радикалды контентке жол бермеу мақсатында «Талдамалық интернет карта», «Кибербақылау», «Контр» сияқты ақпараттық жүйелер қолданылады. Жыл басынан интернеттегі теріс діни топтардан 28 315 тұрғын шығарылды, 1 294 күдікті парақша дінтану сараптамасына жіберілді.
Әлеуметтік желілерде деструктивті діни контентке қарсы баламалы материалдар жарияланып келеді. «Студия» форматында 22 бейнеөнім және 576 reels дайындалып, «Әулие ата» және «ruQh» жобалары аясында YouTube және әлеуметтік желілерге орналастырылды.
Кадрлық мәселелер мен білім беру
Облыста дін саласында 102 жоғары білікті маман қызмет етеді. Теолог мамандар мен діни бірлестіктердің өкілдеріне арналған шеберлік сыныптары мен семинарлар ұйымдастырылып, олардың кәсіби деңгейі арттырылуда.
Сондай-ақ, 136 студент «Нұр-Мүбәрак» университеті, әл-Фараби ат. ҚазҰУ, Қ.Ясауи ат. ХҚТУ және Л.Гумилев ат. ЕҰУ-де білім алуда.
Құқықтық бақылау және мемлекеттік қызметтер
2025 жылы діни қызмет саласында құқық бұзған 11 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Облыс тұрғындары «е-Өтініш» платформасы арқылы басқармаға өтініштер жолдай алады; 10 ай ішінде 26 жеке және 12 заңды тұлғаның өтініші мерзімінде қаралды.




