ТАРАЗДА КӨШЕГЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТУЫНЫҢ АВТОРЫ ШӘКЕН НИЯЗБЕКОВТІҢ ЕСІМІ БЕРІЛДІ
- author Zhambylokq
- Бүгін, 11:52
- 1
Айта кету керек, тарихи тұлғаның атын қала көшесіне беру мәселесін қоғам белсенділері бірнеше жыл бойы көтеріп, табандылық танытқан болатын. Ұзақ уақыт бойы жүргізілген ұсыныстар мен қоғамдық талқылаулар нәтижесінде бастама оң шешімін тауып, нақты іске асты. Бұл – азаматтық белсенділіктің және елге сіңірген еңбекті әділ бағалаудың айқын көрінісі.
Осылайша, енді Тараз қаласының бір бөлігі ресми түрде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының авторының атымен аталады. Тәуелсіздік жылдары ұсынылған 1200-ден астам ту нұсқасының ішінен Шәкен Ниязбеков әзірлеген эскиз үздік деп танылып, бүгінде 33 жылдан бері еліміздің басты мемлекеттік рәмізі ретінде пайдаланылып келеді. Бұл – суретшінің кәсіби шеберлігі мен тарихи миссиясының айқын дәлелі.
Сонымен қатар, жақын уақытта Шәкен Ниязбековтің есімі қаладағы мектеп-гимназиялардың біріне де берілмек. Қазіргі таңда аталған білім ордасының ең көрнекті әрі құрметті тұсына суретшінің бюсті орнатылған. Бұл білім алушылар үшін тағылымы мол, рухани мәні зор бастама болып отыр.
Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымованың айтуынша, мұндай қадамдардың тәрбиелік мәні ерекше.
«Бұл бюстің дәл осы мектепте ашылуы символдық мәнге ие. Себебі дәл осы жерде өсіп келе жатқан жас ұрпақ патриоттық тәрбие алып, жерлесімізді әрдайым құрметпен еске алады», – деді депутат.
Шәкен Ниязбековтің есімін ұлықтау – Тәуелсіз Қазақстанның тарихын, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті және отансүйгіштік рухты нығайтудың жарқын үлгісі.




