ЖАМБЫЛДЫҚ ЭЛЕКТРИК ІІІ ДӘРЕЖЕЛІ «ЕҢБЕК ДАҢҚЫ» ОРДЕНІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ
- author Zhambylokq
- Бүгін, 15:48
- 21
Марапатталғандар қатарында Жамбыл облысының өкілі — «Жамбыл электр желілері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты Мойынқұм аудандық электр желілері учаскесінің шебері Жамалақов Қанатбек Ерділдаұлы бар. Ол көпжылдық адал еңбегі мен кәсіби шеберлігі үшін ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен наградталды. Бұл марапат – өңір энергетиктерінің қажырлы еңбегіне берілген жоғары баға.
Салтанатты жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, энергетика саласының ел дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, тұрақты әрі сенімді энергия көзісіз экономиканың өсуі мен халықтың тұрмыс сапасын арттыру мүмкін емес.
«Тұрақты қуат көзі болмаса, қуатты мемлекет құру мүмкін емес. Сіздер атқарып жатқан жұмыстың игілігін еліміздегі әр отбасы, әр адам көреді. Әрбір үйге жарық пен жылу беру – жауапкершілігі зор жұмыс. Қажырлы еңбектеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің бұл сөздері энергетика саласында еңбек етіп жүрген мамандардың қоғам алдындағы жауапкершілігі мен еңбегінің маңызын айқын көрсетті.
Айта кету керек, Қазақстанда желтоқсан айының үшінші жексенбісі Энергетиктер күні ретінде аталып өтеді. Бұл күн – елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған мамандарға құрмет көрсетуге арналған ерекше мереке. Осындай жоғары деңгейдегі марапаттар сала қызметкерлеріне жаңа серпін беріп, еңбекке деген ынтасын арттыра түсетіні сөзсіз.




